AGROBASTY BETJAŃALYQTARАймақ

АСЫЛДАНДЫРУ ІСІНДЕ АЛҒА БАСҚАН ШАРУАШЫЛЫҚ

Мал тұқымын асылдандыру — малдың тұқымдық сапасын жақсартуға, өнімділігін арттыруға бағытталған шаралардың біртұтас жүйесі. Ол малды зоотехникалық тұрғыдан бағалау, тиімді белгілеріне қарай таңдау, сұрыптау, жұптау, төлді дұрыс өсіру сияқты басты-басты жұмыстардан тұрады. Соңғы жылдары елімізде төрт түлікті асылдандыру ісіне үлкен мән  беріліп келеді. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу – аудан әкімі Жорабек Баубековтың мал шаруашылығын дамыту мақсатында қойып отырған басты талабы, – деп хабарлайды  «Taraz24newskz» ақпарат агенттігі.

Әрине, бұл ретте ауданымызда асыл тұқымды мал ұстап, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруашылықтар жоқ емес. Мәселен, Андас батыр ауылында орналасқан «Бахор» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері сүт бағытындағы асыл тұқымды сиырларды өсіріп келеді. Аталған шаруашылық 2015 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен Ресей елінен асыл тұқымды 100 бас голштин сиырын алып келген. Содан бері шаруашылықтағы мал басы саны бүгінгі күні 250 басқа жетіпті. Оның ішінде 100 басы сауынды сиырлар екен.

  • Шаруашылықта қазіргі уақытта 100 бас сиыр сауылады. Оның ішінде бір күнде 45 келі сүт беретін сиырлар бар болса, мал басына шаққанда 25-27 келіден айналады. Күніне 2200 келідей сүт өндіремі. Сосын оны өзіміздің арнайы цехімізде өңдеп, күнделікті 100 келіден аса ірімшік өндіріп, еліміздің алыс аймақтарына жібереміз,-дейді «Бахор» шаруа қожалығының жетекшісі Бахтияр Хасанбаев    

Әрине, мол сүт беретін асыл тұқымды сиырларды ұстайтын шаруашылықта тек қолдан ұрықтандыру әдісі қолданылады. Бұл жұмыстарды арнайы біліктілігі бар мал дәрігерлері атқарады.

  • «Біз тек қолдан ұрықтандыру әдісін қолданамыз. Ал, ұрықты Алматы қаласынан алдырамыз. Бұл америкалық «Tauros» компаниясында өндірілетін, әлемдегі генетикалық тұрғыда ең сапалы ұрықтардың қатарына жатады. Оның өнімділігі 100 басқа шаққанда 98 пайызды құрайды. Және ол біржынысты болып саналады. Өйткені, біз сүт бағытындағы шаруашылық болғандықтан, бізге тек аналық бастар қажет,-дейді мал дәрігері Александр Якубов

Осылайша, асылдандыру бағытында алға басып келе жатқан «Бахор» шаруа қожалығында жалпы 20 адам жұмыспен қамтылған. Осы ретте, ауыл шаруашылығы мамандары асыл тұқымды мал басы санына,  олардан өндірілетін ет пен сүтке мемлекет тарапынан субсидия қарастырылғанын да айта кетті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *