BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ ХІІ САММИТІНДЕ СӨЗ СӨЙЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйледі. Президент өз сөзінде ең алдымен қонақжай қабылдауы үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, жиынның маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің ортақ тарихы мен бауырластық байланысына тоқталып, бірліктің берекесі мен ынтымақтың мәңгілік құндылық екенін айтты. Мемлекет басшысы Қырғызстанның тиімді төрағалығына алғыс білдіріп, ендігі кезекте ұйым тізгінін Әзербайжан қабылдап алғанын жеткізді.

Президент жаһандық қауіпсіздік жүйесінің күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік декларациясы – аймақтағы тұрақтылық пен экономикалық дамуға жол ашатын тарихи шешім. Мемлекет басшысы түркі елдері ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, халықаралық беделін арттыру мақсатында «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматында ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды және Цифрлық мониторинг орталығын ашуды ұсынды. Сондай-ақ ол жасанды интеллектіні дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтіп, Қазақстанда осы бағытта мамандар даярлау мен арнайы зерттеу университетін ашу жоспарын жариялады. Президенттің айтуынша, бұл салада түркі елдері арасындағы тәжірибе алмасу және стартаптарды қолдау мақсатында Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құру маңызды.

Саммит барысында Мемлекет басшысы энергетика мен су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне де тоқталды. Ол Каспий теңізінің тартылуы аймақтық экология мен экономикаға кері әсер етіп отырғанын айтып, түркі елдерін бірлескен шаралар қабылдауға шақырды. Сонымен қатар, су тапшылығына қарсы ортақ бағдарлама әзірлеуді және цифрлық бақылау жүйесін енгізуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени және гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы, ал Алматы Түркі әлемі жастарының астанасы атанды. Президент жастар арасындағы шығармашылық пен білім саласындағы ынтымақтастықты күшейту үшін келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынды.

Саммит соңында Мемлекет басшысы түркі халықтарының бірлігі мен ынтымағын нығайтуға шақырып, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке төрағалық кезеңінде табыс тіледі.

Басқосуға Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов және ұйымның бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев қатысты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *