ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ӘЛЕУМЕТТІК ШЫҒЫСТАРДЫ ОҢТАЙЛАНДЫРУ ҚАЖЕТТІГІН АТАП ӨТТІ
Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат отырысында депутат Сұлтанбек Мәкежановтың бюджет шығыстарын оңтайландыру жөніндегі сауалына жауап берді. Үкімет басшысы алдағы үш жылға арналған бюджетте базалық шығыстар 15%-дан 12%-ға дейін қысқартылғанын атап өтті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің айтуынша, әлеуметтік сала әлі де мемлекеттік бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Қазіргі уақытта әлеуметтік жәрдемақылар мен әртүрлі қолдау шаралары жалпы республикалық бюджеттің 60%-ын құрайды.
«Республикалық бюджетте бұл шығындар ұзақ жылдар бойы 40%-дан жоғары деңгейде болды. Үш жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде біз осы көрсеткішті 38%-ға дейін төмендете алдық, әрі қарай да азайтуға мүмкіндік бар. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Түрлі объективті себептермен жұмыс істеуге және өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана мемлекеттен әлеуметтік қолдау алады. Ал жұмыс істей алатын адам міндетті түрде еңбек етуі тиіс. Мемлекет оларды қамқорлығында ұстамауы керек және ұстамайды да», – деді Олжас Бектенов.

