ПРЕЗИДЕНТ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ АЙДАРБЕК САПАРОВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдап, аграрлық саланың биылғы он айдағы даму қорытындыларын тыңдады. Бұл туралы деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуде министр негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім байқалып отырғанын мәлімдеді. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 8,2 триллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артқан. Ал азық-түлік өндірісі 9 пайыз өсіп, 3,1 триллион теңгені құрады. Агроөнім экспорты 4,7 миллиард долларға дейін ұлғайды.
Президентке соңғы екі жылда агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында қабылданған шаралар туралы ақпарат берілді. Айналым қаражатын толықтыру және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін 5 пайыздық мөлшерлемемен тікелей несие беру тетігі іске қосылған. Сонымен қатар саланы қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеге дейін артты. Оның 250 миллиард теңгесі техникаға жеңілдетілген лизинг ұсынуға бағытталған. Биыл 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, машина-трактор паркінің тозуы 90 пайыздан 70 пайызға төмендеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленуде. Сондай-ақ саланы цифрландыру шеңберінде «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа платформа субсидиялау, жер қорын басқару және түрлі шаруашылық салалары бойынша қызметтерді бір арнаға біріктіреді.
Кездесу соңында Президент Агроөнеркәсіп форумында берілген тапсырмалардың сапалы орындалуы қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы саланың тиімділігін арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейту бағытында бірқатар міндет жүктеді.
