ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЕРЛАН ҚАРИНДІ ҚАБЫЛДАДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші – Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қаринді қабылдап, аталған топтың аралық жұмысы туралы ақпарат алды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Ерлан Қарин бір ай ішінде e-Otinish платформасы мен Egov сервисіндегі «Парламенттік реформа» арнайы бөліміне азаматтар мен қоғам өкілдерінен 300-ге жуық ұсыныс түскенін жеткізді.
Сонымен қатар «Amanat», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы секілді алты саяси партия өз ұсыныстарын жолдаған. Ұсыныстарда бір палаталы парламенттің жұмысын ұйымдастыру және парламенттік партиялардың өкілеттігін реттеу тетіктері қамтылған.
Жұмыс тобы әзірлеген сараптамалық материалдар да талқылауға енгізілді. Қазіргі таңда барлық ұсынысты талдау және жүйелеу процесі жүріп жатыр. Топтың екінші отырысын 2 желтоқсанда өткізу жоспарланған. Жиында ұсыныстар жекелеген бағыттар бойынша жан-жақты қаралады.
Президент алдағы парламенттік реформаның елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі екенін атап өтіп, түскен барлық бастаманы мұқият қарастыруды және олардың негізінде парламенттік жүйені жаңғыртуға бағытталған нақты ұсынымдар әзірлеуді тапсырды.
