ТУРИЗМ САЛАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек осы жылдың басынан бастап облысымызға 99 276 туристкелген екен. Олардың 1 471 шетелдік туристер болса, қалған 97 805 еліміздің басқа өңірлерінен келгендер.
Жамбыл облысын дамыту бағдарламасында көзделген индикаторларға қол жеткізу үшін облысқа туристік ағымды тарту басты мақсат болып отыр,-дейді Туризм басқармасының басшысы.
Алдағы уақытта облыстың туризм саласын дамыту негізгі 4 бағыт бойынша жүргізілетін болады:
- Туристік бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету;
- Туристік инфрақұрылымды дамыту;
- Туризм саласына инвестиция тарту;
- Жарнамалық-имидждік саясатты жүзеге асыру.
Туризм саласына инвестиция тарту мәселесі бойынша облыс кәсіпкерлерімен және шетел инвесторларымен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы әр-түрлі деңгейде кездесулер жиі өткізілетін көрінеді.
Біржан КҮЗЕМБЕКОВ ЖО ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Облыстың туризм саласы бойынша 2022-2025 жылдары, жалпы соммасы 10 млрд. 455 млн. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады, олар:
– «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3 кезеңі (655 млн. теңге);
– «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің 3 кезеңі (6,3 млрд. теңге);
– «Көксай» туристік демалыс орталығы (3 млрд. теңге);
– «Асем» этно-туристік кешені (300 млн. теңге);
– «Таскөл» демалыс орталығы (200 млн. теңге).
Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 96 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Мектеп оқушылары мен жастардың патриоттық сезімін дамытуға және өз өлкесін танып білуге бағытталған «Taraz City bus» жобасы іске асырылды. Осы іс-шара аясында барлығы 36 ақпараттық тур, сол сияқты Тараз-Түркістан-Тараз бағыты бойынша да экскурсиялық турлар ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға жалпы саны 2000-нан аса балалар қамтылды. Еліміздің басқа өңірлерінен келген туристік бизнес өкілдеріне арналған «Тараз – өткен мен болашақтың түйіскен қаласы» атты Тараз қаласы аумағында орналасқан негізгі туристік нысандар қамтылған ақпараттық караванинг өткізілді. Бұл іс-шараға 400-ден аса туристік бизнес өкілдері қатысты. Аймақтың тарихын, мәдениетін, дәстүрін түсінуге мүмкіндік беретін тарихи қаланың көрікті жерлері туристерге жағымды әсер және ұмытылмас естеліктер қалдырды. Келесі жылы бұл іс-шараға еліміздің басқа өңірлерінен келген 1000-нан аса туристік бизнес өкілдерін қатыстыру жоспарлануда.
Біржан КҮЗЕМБЕКОВ ЖО ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Тараз шаһарын Дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енгізудегі басты мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту.
Облыс аумағында 3 448 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан, оның 25 республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3 418 жергілікті маңызы бар ескерткіштер. 8 ескерткіш Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне, 27 ескерткіш Қазақстанның микросакралды картасына, 3 ескерткіш Қазақстанның өңірлік деңгейдегі Туристендіру картасына, 2 ескерткіш Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Дүниежүзілік ерекше туристік тартымды нысандарының тізіміне және 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген, олар Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені. Сонымен қатар, облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал таулы бөктерінде 30-дан астам шатқалдар орналасқан.
Негізгі туристік нысандар саны 37 болған болса, қазір біз ол нысандар санын 65-ке жеткіздік, 45 жаңа туристік маршруттар әзірленіп, туристік өнімдердің саны 115-ті құрап отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша 206 қонақ үй, 434 тамақтану орындары, 7 шипажай, 15 демалыс орындары, 11 балаларды сауықтыру лагерлері, 24 туристік ұйым, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады.