ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ЖАҢА ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес Алтай Сембекұлы Әлі Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жетекшілік етпек, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алтай Сембекұлы 1985 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы «Рахат» Қазақ-Австрия бірлескен кәсіпорны акционерлік қоғамында байланыс орталығының қызметкері ретінде бастаған. Кейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ субсидиялау департаментінің менеджері, Астана қалалық сотының бас маманы, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында түрлі қызметтер атқарған.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы, көмекшісі, аппарат басшысының орынбасары – хатшылық меңгерушісі, сондай-ақ Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.
Кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған.
2023 жылдың қараша айынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көлік бақылау комитетінің төрағасы лауазымында қызмет етіп келді.