Миллиардтаған келісімдер мен жаңа зауыттар: Жамбыл облысы «Қазақстан – Қытай» серіктестігінің нақты нәтижесі
Ертең Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы басталады. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстың басты алаңына айналатын бұл жиынға 500-ден астам корпорация, бизнес, мемлекеттік орган және даму институттарының басшылары қатысады.
Жамбыл облысы үшін форумның маңызы ерекше: өйткені өңірде еліміздегі ең ірі қытай инвестициялық жобаларының бірі нақты іске асып жатыр.
Былтыр екіжақты тауар айналымы 48,7 миллиард долларға жетсе, Қытайдан тартылған тікелей инвестициялар тарихи рекорд орнатып, 2,8 миллиард долларды құрады. Осы ауқымды серіктестіктің нәтижесі нақты зауыттар мен жұмыс орындары ретінде тікелей өңірлерге, оның ішінде Жамбыл облысына келіп жатыр.
Өңірдегі басты жоба Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін кешені.
Бұл Орталық Азиядағы ең ірі жүгері өңдеу зауыты. Жобаға шамамен 420 миллиард теңге инвестиция салынады, ал өндірістік қуаты жылына 500 мың тоннадан басталып, кезең-кезеңімен 3 миллион тоннаға дейін жеткізіледі.
Зауытта жүгеріден аминқышқылдары, крахмал және глюкоза сияқты жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарылып, қалдықсыз өндіріс қағидаты қолданылады.
Жоба Жамбыл облысының экономикасына нақты серпін береді. Құрылыс кезеңінде 6 мыңға жуық, тұрақты жұмыс істеу кезеңінде 1 500-ге дейін жұмыс орны ашылады.
Ең бастысы, зауыт жергілікті фермерлерден жылына 300 мың тоннаға дейін жүгері сатып алуы жоспарланған.
Сонымен қатар, жоба заманауи агротехнологияларды дамытуға және ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға жол ашады.
Форум аясында жалпы саны 45 коммерциялық құжатқа қол қойылмақ.
Жалпыұлттық ауқымдағы маңызды жобалар қатарында автомобиль өндірісін локализациялау (OMODA, JAECOO, Li Auto), Құрық порты, «Қорғас» «ақылды» логистикалық паркі, UBTECH роботтар зауыты мен BeOne-INKAR онкопрепараттарын локализациялау жобалары бар.
Ал Жамбыл облысы үшін форумның басты нәтижесі айқын: жаңа зауыт, мыңдаған жұмыс орны және өңір фермерлеріне ашылатын тұрақты нарық.

