BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ТАЗАЛЫҚ ЖАРШЫСЫ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Жамбыл облысының Тараз қаласы мен барлық аудандарында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кезекті тазалық шаралары ұйымдастырылды. «Тазалық жаршысы» атауымен өткен бастамаға жастар, еріктілер мен белсенді тұрғындар қатысып, қоғамдық орындар мен табиғи аумақтарды ретке келтіруге атсалысты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

10 қараша күні өткен экологиялық шаралар саябақтар мен демалыс орындарын, көшелерді және басқа да қоғамдық кеңістіктерді қамтыды. Қатысушылар аумақтарды қоқыстан тазартып қана қоймай, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мен тазалықты сақтау мәдениетін насихаттады.

Тараз қаласында Абай мен А. Пушкин көшелерінің қиылысындағы Пушкин ескерткішінің маңында «Тазалық жаршысы» акциясы өтті. Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы дендросаябақта «Жастар және тазалық: ортақ жауапкершілік» бастамасы қолға алынды. Ал Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Абай көшесінде «Экологиялық мәдениет: тазалық өзімізден басталады» тақырыбында тазалық жұмыстары жүргізілді.

Жуалы ауданында орталық саябақ аумағы ретке келтірілсе, Меркі ауданында экологиялық шара Меркі шатқалында жалғасты. Мұнда қатысушылар «Таза өлке – таза ел» ұранымен табиғи аумақты қоқыстан тазартты.

Қордай ауданында Абылай хан мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысындағы көпір маңындағы канал аңғары тазартылды. Шу қаласындағы «Теміржолшылар» саябағында «Тазалық – ортақ жауапкершілік» бастамасы өтсе, аудан орталығындағы М. Жүнісәлиев атындағы саябақта да тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Т. Рысқұлов ауданында «Ардагерлер» саябағы ретке келтірілді. Талас ауданының Қаратау қаласындағы «Қуғын-сүргін» саябағында «Таза табиғат – ұлт байлығы» тақырыбымен экологиялық шара өтті. Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы 1-шағын аудан аумағында да тазалық жұмыстары жүргізілді. Мойынқұм ауданында Ж. Қуанышбаев атындағы саябақ акция алаңына айналды.

«Таза Қазақстан» бастамасы өңірде жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгінге дейін облыс аумағында 48,5 мың түп жасыл желек отырғызылып, 5,9 мың шақырым көше жолы тазартылған. Бұдан бөлек, 1 210 шақырым арық жүйесі мен канал ретке келтіріліп, саябақтар мен скверлердің 804,8 мың шаршы метр аумағы абаттандырылды. Нәтижесінде 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Тазалықты сақтау тек арнайы акциялар кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де жалғасын табуы тиіс. Өйткені туған өлкенің көркі мен қоршаған ортаның жай-күйі әр тұрғынның жауапкершілігіне тікелей байланысты. Мұндай ортақ бастамалар жұртшылықты табиғатты аялауға үндеп, келер ұрпаққа таза әрі көрікті өлке қалдыруға жол ашады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *