МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Қызылорда облысы активіне өңірдің жаңа әкімі таныстырылды. Бұл рәсім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өтті. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, облыс мәслихаты депутаттарының қатысуымен өткен отырыста жаңа әкімді сайлау нәтижелері жарияланды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Қызылорда облысы әкімі лауазымына екі кандидат — Ардақ Зебешев пен Мұрат Ергешбаевты ұсынған хаты оқылды. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттардың 81 пайызы Мұрат Ергешбаевтың кандидатурасын қолдаса, 19 пайызы Ардақ Зебешевке дауыс берген.
Президент Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болып Мұрат Ергешбаев ресми түрде тағайындалды.
Премьер-министр Олжас Бектенов облыс активімен кездесу барысында Мемлекет басшысының атынан бұрынғы әкім Нұрлыбек Нәлібаевқа өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, соңғы төрт жылда Қызылорда облысының жалпы өңірлік өнімі екі есеге өсіп, 3,7 трлн теңгеге жеткен. Өңірде инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және әлеуметтік саланы жаңғырту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылған.
Сондай-ақ Премьер-министр жаңа әкім Мұрат Ергешбаевты таныстырып, Мемлекет басшысы өңір басшылығының алдына бірқатар маңызды міндет жүктегенін атап өтті. Оның ішінде экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, цифрландыруды дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағыттары бар.
Олжас Бектеновтің айтуынша, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыруда барлық деңгейдегі билік пен қоғамның бірлескен жұмысы аса маңызды.
Кездесу барысында өңірдің даму бағытына қатысты нақты тапсырмалар да берілді. Атап айтқанда, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей әсер ететін жобалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Соңғы жылдары Қызылордада қуаты 240 МВт болатын жаңа газ жылу электр орталығы іске қосылып, ол өңірдің электр және жылу энергиясына сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Жобаға 215 млрд теңге инвестиция тартылған.
Сонымен қатар қала тұрғындарын ыстық сумен қамту мәселесі де шешімін тапқан. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдеу технологияларын енгізу мен егіс құрылымын оңтайландыру міндеті де өзекті болып отыр. Сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамыту арқылы экономиканы әртараптандыруға басымдық берілмек. Қазіргі таңда бұл сектордың өңір экономикасындағы үлесі 24,7 пайызды құрайды.
Бұдан бөлек, бюджет қаражатын тиімді пайдалану тәжірибесін жалғастыру қажеттігі айтылды. Соңғы төрт жылда Қызылорда облысында әлеуметтік салада 100 млрд теңгеден астам қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген. Үнемделген қаржы жаңа инфрақұрылымдық жобаларға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Жиын соңында өңірдің жаңа басшылығына бірқатар стратегиялық міндеттер жүктелді.

