BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Кездесу барысында  мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша контентті көбейту және жаңа технологиялар арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері сөз болды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Рауан Кенжеханұлы Президентке қоғамның үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндады. Оның ішінде қазақ тілін үйрету тәсілдерін жетілдіру, сапалы қазақша мазмұн қалыптастыру және цифрлық кеңістіктегі тілдің мүмкіндіктерін арттыру жұмыстары бар.

Кездесу барысында OpenAI компаниясымен бірлескен жобаға да назар аударылды. Аталған бастама аясында 14 миллиард токеннен тұратын қазақша мәтін корпусы жасақталып, 12 мың сағаттық аудиожазба жинақталған. Бұл қор қазақ тілінің цифрлық технологиялардағы мүмкіндігін кеңейтуге негіз болмақ.

Қазақша контентті көбейту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тіліне дыбысталып, көрерменге ұсынылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Qazaq Tili Endowment қорының қызметі таныстырылды. Қазіргі таңда қорға түскен жарнаның жалпы көлемі 824 миллион теңгеге жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына жоғары баға беріп, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Президент мемлекеттік тілді үйрету және ғылыми еңбектерді аудару ісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *