ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАҢА ТЕХНИКАЛАРМЕН ТОЛЫҚТЫ
Бүгін аймақтағы орман шаруашылығы 6 су жаңа техникамен толықты. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек көлік кілттерін мамандарға табыстады.
УАЗ авто көліктері ықшамды және жол талғамайды. Күн-түн демей өмірін орманға арнаған табиғат сақшыларының бүгін қуанышында шек жоқ. Темір тұлпарға Ақкөл, Меркі, Жамбыл, Байзақ, Сарысу, Ұланбел орман шаруа қожалықтары ие болды.
-Өткен аптада ғана осы техникалардың бір бөлігін тапсырдық. Оның ішінде 9 трактор және басқа да қажетті орман шаруашылығы техникалары берілді. Өздеріңіз көріп отырғандау УАЗ автокөліктері тапсырылып отыр,-дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек
Алдағы уақытта тағы бір арнайы техника мен 3 жылжымалы тұрғын үй вагоны беріледі деп жоспарланып отыр. Соңғы 3 жылда облыста материалды-техникалық базаны жаңартуға 600 млн теңгеге дейін қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мекемелердің қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілу көрсеткіші 78 пайызға дейін жеткен.
-Енді бәрі жаңа техникамен қамтылғаннан кейін атқарылатын жұмыстар да алға жылжиды. Себебі, қазір өрт маусымы жоғары кез. Техникалар дәл қазір керек. Байзақ орман шаруашылығында 6 трактор, 5 автокөлік болған. Қазір алтыншы автокөлікті алып жатырмыз. Сонымен 12. Облыс әкімнің қолдауымен жылма жыл техникалар беріліп жатыр,-дейді Байзақ аудандық орман және жануарлар дүниесін қору жөніндегі мекеме басшысы Бауыржан Желеубаев
Сондай-ақ, жиында орман шаруашылығындағы бірқатар мәселе жайы талқыланды. Облыстағы тұқымбақтар мен жайылымдық жерлер санын арттыруды ұсынылды. Айта кету керек, биыл аймақта 20 га жерге көшеттер отырғызылған.