МЕРКІ ӨҢІРЛІК ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ
Жамбыл облысының Меркі ауданында «Меркі» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл – өңірде заңды тұлға мәртебесіне ие болған алғашқы мемлекеттік өңірлік табиғи парк. Жаңа нысан қорғалатын аумақтың табиғи байлығын сақтау мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
2025 жылы құрылған парктің жалпы аумағы 83 мың гектардан асады. Мұнда 59 маман еңбек етеді. Қорғалатын өңірде Қазақстанның Қызыл кітабына енген 10 қар барысы, 158 арқар, 20 үнді жайрасы, қызыл қасқыр және Түркістан сілеусінінің 26 дарағы мекендейді. Бұл жануарлардың әрқайсысы ерекше қорғауды қажет етеді.
Қазір парктің материалдық-техникалық базасын нығайтып, инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілген. Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев табиғи аумақтың игілігі үшін атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Аз уақыттың ішінде парктің инфрақұрылымы жүйелі түрде қалыптасып келеді. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар кіреберіс бекетін, көру алаңшаларын, балалар мен демалушыларға арналған орындарды жасап берді. Алатаудың етегіндегі Меркі – табиғаты ерекше, тарихы терең өлке. Асқар таулары, мөлдір бұлақтары, қалың орманы мен шалғынды жайлаулары – Жамбыл жерінің көркі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Салтанатты рәсім барысында орман шаруашылығы қызметкерлеріне 15 «КамАЗ» жүк көлігі мен 15 трактордың кілті табысталды. Ал жаңа ғимарат заманауи жабдықтармен қамтылған. Соның бірі – өрт қаупі туындаған сәтте автоматты түрде дабыл беретін жасанды интеллект жүйесі. Бұл технология ықтимал өртті ерте анықтап, мамандардың жедел әрекет етуіне жағдай жасайды.
Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиевтің айтуынша, парк аумағындағы табиғи кешендер заңмен ерекше қорғалады. Олардың қатарында өсімдіктер мен жануарлар дүниесі ғана емес, археологиялық нысандар да бар.
– Бұл заңды мәртебесі бар ерекше аумақ болғандықтан, мұнда заңнама талаптары өте қатаң. Парктің аумағы бірнеше аймаққа бөлінген. Әрбір инспекторға нақты аумақ бекітіліп, қорғау жұмыстары сол тәртіппен жүргізіледі, – деді Нартай Егембердиев.
Айта кетейік, Жамбыл облысында ерекше қорғалатын 10 табиғи аумақ бар. Олардың жалпы көлемі 4,4 миллион гектарға жуық. Бұл жерлерде гүлді өсімдіктердің 1300-ге жуық түрі кездеседі. Соның 90-ға жуығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек өсімдіктер санатына жатады.

