BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЖАМБЫЛДА «ҚЫЗҒАЛДАҚ МҰРА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ

2026 жылғы 25 сәуірде Жамбыл облысы Талас ауданында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтеді, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы. Бұл шара Грейг қызғалдағының отаны саналатын өңірді халықаралық деңгейде танытуға және аймақтың биоалуантүрлілігін сақтау бағытындағы жұмыстарды ілгерілетуге арналған.

Фестивальдің негізгі мақсаты – Жамбыл жерінің туристік әлеуетін кеңінен көрсету, табиғи қызғалдақ өсетін алқаптарды қорғау және оны өңірдің басты бренді ретінде дамыту. Ауқымды іс-шараға отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.

Бағдарлама аясында ұлттық дәстүрлер де кеңінен көрініс табады. Қонақтар табиғи қымыздың дәмін татып, оның дайындалу жолымен танысатын «Қымызмұрындық» рәсімі өтеді. Сонымен бірге қолөнер шеберлерінің көрмесі, сауда жәрмеңкесі, ұлттық ойындар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Халықаралық ынтымақтастық аясында ерекше бастама да жоспарланып отыр. Нидерланд Корольдігінен Жамбыл облысына 40 мың дана қызғалдақ тұқымын сыйға беру көзделген. Бұл көшеттер өңір аумағына отырғызылып, болашақта табиғи келбетті көркейтуге және туристік тартымдылықты арттыруға үлес қоспақ.

Жалпы, фестиваль аймақ экономикасының дамуына серпін беріп, ішкі және сыртқы туризмді ілгерілетуге, сондай-ақ халықаралық мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтуға ықпал етпек.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *