BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЦИЯ ЖАСТАРҒА АШЫҚ ЕСІК КҮНІН ӨТКІЗДІ

Жамбыл облысы Полиция департаментінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Полицияның бір күні» атты акция ұйымдастырылды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Іс-шараны департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өткізді. Оған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері, студенттер, «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары, сондай-ақ ММА жекпе-жек федерациясының әлем және Азия чемпиондары қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің қоғамға тигізер зиянын жан-жақты түсіндіру және құқық қорғау органдарының күнделікті қызметімен жақын таныстыру.

Іс-шара барысында қатысушылар Полиция департаментінің мұражайын аралап, ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен танысты. Сонымен қатар, қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полицейлердің өмір жолы мен ерлігі туралы мәлімет берілді. Бұл олардың патриоттық сезімін күшейтіп, тәртіп сақшыларының еңбегіне деген құрметін арттыра түсті.

Ашық есік күні аясында қонақтар Жедел басқару орталығының жұмысын да көрді. Мамандар орталықтың тәулік бойы атқаратын қызметін, заманауи бақылау жүйелерін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жан-жақты таныстырды.

Шара соңында ұйымдастырушылар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға, спортпен айналысуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өз сауалдарын қойып, толыққанды жауап алды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *