ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ ШАҒЫН ҚҰРАМДА КЕЛІССӨЗ ӨТКІЗДІ
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Ресей басшысын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алды. Құрметті мейманның сапарына орай Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары әуеде Ресей туының түстерін бейнелейтін ақ, көк және қызыл жолақтар қалдырды.
Рәсім барысында екі ел президенттері ресми делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Салтанатты шарадан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті бұл сапардың екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері де назардан тыс қалмағанын айтты.
Мемлекет басшысы тараптар стратегиялық әріптестіктің негізгі бағыттарын қамтитын бірлескен мәлімдеме әзірлегенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл құжат екі ел қарым-қатынасындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ.
Сондай-ақ келіссөз барысында Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты келісімге қол қойылатыны айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтіп, қолдау көрсеткені үшін Ресей тарапына алғыс білдірді.
Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Ресей арасын тарихи байланыс, ортақ мәдени құндылықтар мен халықтар арасындағы өзара түсіністік біріктіреді. Ол екі елдің ынтымақтастығы халықтардың мүддесіне сай жалғасатынын жеткізді.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан Президентіне шақырту үшін алғыс айтып, былтырғы мемлекеттік сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар екіжақты қатынасты жаңа деңгейге көтергенін айтты.
Ресей басшысы бейресми форматта өткен кешегі кездесудің нәтижелі болғанын атап өтті. Оның сөзінше, тараптар өзара ықпалдастықтың маңызды әрі келешегі зор бағыттарын талқылаған.
Сондай-ақ Владимир Путин Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтуге дайындалып жатқанын айтып, бұл мейрамның Қазақстанда да кең көлемде тойланатынын жақсы білетінін жеткізді.

