ЖАҢА ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Байзақ ауданында жыл санап спорттық нысандар қатары артып келеді. Соның айқын дәлелі- Жаңатұрмыс ауылдық округінің Жібек жолы елдімекенінде балалар саябағы мен шағын футбол алаңшасының ашылуы.
Шағын футбол алаңшасына жергілікті бюджет есебінен 7,5 миллион теңге қаражат бөлініп, жас жеткіншектерге тарту етілді. Спорт алаңшасы мен балалар саябағының лентасы қиылып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Жастар болса бірден алаңда ойын ойнауға кірісті.
Жібек жолы ауылының ардагерлері айтулы шараның маңыздылығына тоқтала келе, нысанды іске қосуға үлестерін қосқан ауыл жастарына, мердігер «Мүгедек» ерікті мүгедектер қоғамына алғыстарын білдірді.
– Ақ түйенің қарны жарылып жатқан күн. Ауылымызда жақсы жаңалықтар болып жатыр. Аллея ашылып, жақсы тілектер айтылып жатыр. Құтты болсын бәрімізге. Балаларымыздың болашағы үшін ғой. Болашақта тек жақсылық болсын,-дейді Бақыт Дәуітбаев, ауыл тұрғыны
Ауыл жастары мен мектеп оқушыларынан жасақталған командалар арасындағы ойын тартысты өтіп, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тағайындаған Кубок, медальдар табыс етілді.