ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 1 073 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСТЫ
Жамбыл облысында 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 189 елді мекенде жалпы құны 81,9 миллиард теңгені құрайтын 1 073 жоба іске асқан, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, бастаманың басты мақсаты – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, елді мекендердің дамуына серпін беру.
Соңғы алты жыл ішінде өңір ауылдарының келбеті айтарлықтай өзгерген. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңарып, халық игілігіне ондаған нысан берілді. Атап айтқанда, 71 білім беру, 35 денсаулық сақтау, 54 мәдениет, 51 спорт және 85 коммуналдық-шаруашылық нысаны пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 892 шақырымды құрайтын 776 ауылішілік көше жөнделіп, қатынасқа қолайлы жағдай жасалды.
Биыл да жоба аясындағы жұмыстар жалғасады. Қазіргі таңда 19 өтпелі жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Соның ішінде бірқатар ауылдағы мектептерге қосымша ғимараттар салу көзделген. Мұндай нысандар Байзақ ауданындағы Қосақ, Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақат, сондай-ақ Шу ауданындағы Төле би мен Еңбекші ауылдарында бой көтермек.
Сонымен қатар бірқатар елді мекенде спорт нысандары ашылады. Атап айтқанда, Жуалы ауданының Нұрлыкент, Көлтоған, Қарасаз ауылдарында, Т.Рысқұлов ауданындағы Құланда, Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөрде және Шу ауданындағы Жаңажол мен Шоқпарда сегіз дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу жоспарланған.
Мәдениет саласында да ілгерілеу бар. Жамбыл ауданындағы Бесағаш, Талас ауданындағы Ойық және Үшарал ауылдарында жаңа мәдениет үйлері ашылмақ.
Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да бір жоба қолға алынған.
Жалпы, облыста 357 елді мекен бар. Онда 1,2 миллионнан астам адам тұрады. Соның 353-і ауылдық елді мекендер болса, ауылдарда 678 мыңнан аса тұрғын өмір сүріп жатыр. Бұл өңір халқының 55,8 пайызын құрайды.

