BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДІ КЕЛІСТІ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысын өткізіп, екіжақты әріптестікті дамыту бағыттарын талқылады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесу барысында тараптар сауда көлемін ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп пен көлік-логистика салаларындағы жобаларды кеңейту мәселелеріне басымдық берді. Сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, жасанды интеллект және денсаулық сақтау бағыттарындағы ынтымақтастықты тереңдету жолдары қаралды.

Түркия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі екені атап өтіліп, екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келе жатқаны айтылды. Инвестициялық жобалар саны да артып, өндіріс, құрылыс, логистика және фармацевтика салаларында ондаған бірлескен бастамалар іске асырылуда.

Көлік саласында Транскаспий халықаралық бағытын дамыту, порттар мен терминалдық инфрақұрылымды жаңғырту, жүк тасымалын цифрландыру және тарифтік саясатты үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар соңғы жылдары жүк ағынын бірнеше есеге арттырған.

Ауыл шаруашылығы саласында экспортты кеңейту, агротехнологияларды енгізу және ветеринарлық-фитосанитарлық талаптарды үйлестіру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар жоғары қосылған құнға ие өнім өндіруге басымдық беру ұсынылды.

Энергетика бағытында мұнай-газ саласындағы бірлескен жобалар, геологиялық барлау және тасымал инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. «Баку – Тбилиси – Джейхан» бағытының стратегиялық маңызы да ерекше аталды.

Цифрландыру және жасанды интеллект саласында суперкомпьютерлік орталықтар, IT-білім беру және киберқауіпсіздік жобаларын дамыту перспективалары сөз болды. Денсаулық сақтау бағытында да бірлескен аурухана салу, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және фармацевтика өндірісін дамыту жоспарлары қарастырылды.

Жиын қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласып, Үкіметаралық комиссия отырысының хаттамасына қол қойды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *