BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ПРЕЗИДЕНТ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ КИНОЛЕКТОРИЙІ ТАРАЗДА ӨТТІ

Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған «Хроникадан – болашаққа» ағартушылық жобасының оңтүстік өңірдегі қорытынды кездесуі Тараз қаласында ұйымдастырылды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Шара аясында Президент Телерадиокешенінің деректі кино орталығы түсірген бірнеше фильм көпшілік назарына ұсынылды. Шығармашылық ұжымның Таразға келуі жергілікті көрермен тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова мұндай жобалардың қоғам үшін маңызы зор екенін айтып, деректі фильмдердің тарихи жадыны сақтаудағы рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, деректі кино тек белгілі бір оқиғаны баяндап қана қоймай, адам тағдыры арқылы тұтас дәуірдің тынысын сезінуге мүмкіндік береді. Тараз тұрғындары бұл жолы «Aral», «Қуатты серіктес», «Travel Kazakhstan» және «Құлалы аралының адамы» фильмдерін тамашалады.

Көрсетілген туындылардың ішінде «Құлалы аралының адамы» фильмі көрерменге ерекше әсер қалдырды. Картинада өркениеттен жырақ орналасқан метеостанцияда еңбек ететін Петр Лупенковтың өмірі баяндалады. Фильмде оның күнделікті тіршілігі мен өз ісіне деген адалдығы кеңінен көрініс тапқан.

Көрермен Адал Айтқалидың айтуынша, туынды сырттай сабырлы көрінгенімен, мазмұны терең әрі эмоцияға толы.

– Фильмде артық дүние жоқ. Бірақ әр кадры ойландырады. Каспийдің қатал табиғаты мен кейіпкердің өмірі адамға ерекше әсер береді. Петя көкенің мінезі мен өмірге көзқарасы көп нәрсеге ой салды, – деді ол.

Ал «Travel Kazakhstan» фильмі көрермендерді Қазақстанның туристік мүмкіндіктерімен жаңа қырынан таныстырды. Көпшілік әсіресе фильмнің заманауи форматта түсірілгенін атап өтті.

Көрермен Анастасия Рожкованың сөзінше, блогерлердің қатысуы туындыны жастарға жақындата түскен.

– Қазақстанды жаңа көзқараспен көрсету өте қызықты шыққан. Қазіргі тәсілмен түсірілгені бірден байқалады. Бұл деректі фильмдердің де тартымды әрі заманауи бола алатынын көрсетті, – деді ол.

Бағдарлама барысында «Aral» фильмі де ұсынылды. Онда Арал теңізімен тағдыры біте қайнасқан балықшы Құнтуған Тұрғынбаевтың өмір жолы көрсетілген. Сонымен қатар, Аралды қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да қамтылған.

Ал «Қуатты серіктес» фильмі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған ресми сапарына арналған. Туындыда ресми кездесулермен қатар, технология, энергетика және білім саласындағы бірлескен жобалар да сөз болады.

Көрермендердің пікірінше, фильм халықаралық байланысты құр ресми ақпарат ретінде емес, мазмұнды әрі қызықты оқиға түрінде жеткізе алған.

Осылайша, әртүрлі тақырыптағы фильмдер көрерменге елдің өткені мен бүгіні, болашағы жайлы тұтас ой қалыптастырды. Кинолекторий тек фильм көрсететін алаң емес, қоғам мен ел дамуы туралы пікір алмасатын маңызды мәдени ортаға айналды.

Жоба алдағы уақытта Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында жалғасады. Қорытынды шара 25 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді.

Айта кетейік, көрсетілімдер облыстық әкімдіктердің қолдауымен өңірлік кинотеатрларда ұйымдастырылып, көрермендерге тегін ұсынылуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *