BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕАЭО-ДАҒЫ ЦИФРЛАНДЫРУ МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІ ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫН АТАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы кезекті отырысы өтті, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Мемлекет басшысы жиынға қатысқан ЕАЭО-ға мүше және байқаушы елдердің басшыларына, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтарға алғыс айтып, биылғы кездесудің ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, 2014 жылдың 29 мамырында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылып, ұйымның негізі қаланған. Осыған байланысты Жоғары кеңестің шешімімен 29 мамыр ресми түрде ЕАЭО күні болып жарияланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы он жылдан астам уақытта экономикалық ықпалдастықты күшейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Сонымен қатар Астанада Жоғары кеңестің отырысымен қатар Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатқанын, бұл алаң іскерлік байланыстарды нығайтуға жаңа серпін беретінін жеткізді.

Президент ЕАЭО елдері жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан оң өсімді сақтап отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, былтыр одақ елдері арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асқан. Биыл бұл көрсеткіш 100 миллиард долларға жетуі мүмкін.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдардың әлем экономикасына қатысты болжамдары күрделі екенін айтты. Осыған байланысты ЕАЭО-ны жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі тұрақтылықты күшейту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру маңызды міндетке айналып отырғанын жеткізді.

Президент ерекше тоқталған бағыттардың бірі — цифрландыру мен жасанды интеллект болды. Оның айтуынша, бүгінде жасанды интеллект технологияларына әлем бойынша 1 триллион доллардан астам қаржы құйылған. Ал алдағы жылдары бұл саланың әлемдік экономикадағы үлесі бірнеше есе артады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынғанын айтты. Astana Hub базасында стартап экожүйесі дамып, жүзден астам жоғары технологиялық компания жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ еліміздің ІТ қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқан.

Президент Қазақстанның электронды үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-орында тұрғанын, ал онлайн қызмет сапасы жөнінен үздік ондыққа кіретінін атап өтті.

Сонымен қатар Астанада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл орталық өңірдегі жасанды интеллектке негізделген технологиялық шешімдер әзірлейтін маңызды алаңға айналмақ.

Мемлекет басшысы ЕАЭО елдерін цифрлық трансформация саласында тәжірибе алмасуға және бірлескен технологиялық жобаларды дамытуға шақырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *