ТОҚАЕВ АҚШ ҚАРЖЫ КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Президент мейманға құрмет көрсетіп, бұл сапардың Вашингтонда қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол АҚШ-пен жан-жақты байланыстарды одан әрі дамыту үшін бұл қадамның маңызы зор екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп әкімшілігі келгеннен бері АҚШ-тың Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы белсенді түрде нығая түскенін айтты. Мемлекет басшысы Американың бірқатар бастамаларын қолдайтынын атап өтіп, екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді.
Президенттің сөзінше, Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси және экономикалық реформалар елді ресурстарға тәуелді модельден білім мен инновацияға негізделген экономикаға көшіруге бағытталған. Осы ретте АҚШ Қаржы корпорациясының инвестициялық бағыттары Қазақстанның даму мақсаттарымен үндесетінін атап өтті.
Өз кезегінде Бен Блэк көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Алматыда Қазақстанның іскерлік ортасымен өткен кездесулердің нәтижелі болғанын айтты.
Кездесуде тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, маңызды минералдар, көлік байланысы, агроөнеркәсіп, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы әріптестік мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар Қазақстан аумағында АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі тұрақты өкілдігін ашу мүмкіндігі қарастырылды. Президент Қазақстан тарапы нақты әрі өзара тиімді жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

