BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ: 35,8 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Саяси науқанды өткізуге республикалық бюджеттен 35,8 миллиард теңге қарастырылған. Оның басым бөлігі кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялауға бағытталмақ. Сайлауды ұйымдастыруға қатысты мәселелер Орталық сайлау комиссиясының отырысында талқыланды,- деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Бөлінген қаражаттың көлемі кандидаттардың қай деңгейдегі мәслихатқа ұсынылғанына байланысты белгіленген. Атап айтқанда, облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлердің әрқайсысына 700 мың теңгеден қарастырылса, Астана мен облыстық маңызы бар қалалардағы кандидаттарға 650 мың теңге бөлінбек. Ал аудандық мәслихатқа түсетін үміткерлер 500 мың теңге көлемінде қаржылық қолдау алады. Бұл сомалар бұқаралық ақпарат құралдарының қызмет құны мен инфляция деңгейін ескере отырып қайта есептелген.

Сайлау науқаны кезінде тұрғындарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге де басымдық берілмек. Осы мақсатта Орталық сайлау комиссиясы мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесіп, азаматтарға сайлау учаскесін табуға, тіркелуге және дауыс беруге қатысты мәлімет алуға мүмкіндік беретін үш цифрлық қызмет әзірлеген. Сонымен қатар тұрғындарға push-хабарламалар жіберу үшін екінші деңгейлі банктермен де байланыс орнатылмақ.

Жиында Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин жаңа қызметтердің негізгі мақсаты азаматтардың сайлау туралы ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдету екенін айтты. Арнайы мобильді қолданбалар арқылы да ескерту хабарламалары таратылмақ.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы сайлауға ел бойынша 10 971 кандидат тіркелген. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, әрбір депутаттық мандатқа орта есеппен үш үміткерден келеді. Осыған байланысты сайлау бюллетеньдерін әзірлеу, басып шығару және өңірлерге жеткізу кезінде заң талаптарының қатаң сақталуы маңызды. Әсіресе партиялық тізімдердің бюллетеньде жеребе нәтижесіне сәйкес орналасуына айрықша назар аудару қажет.

Алдағы уақытта кандидаттар мен саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өз бағдарламаларын жұртшылыққа таныстыра алады. Айта кетейік, 29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлау аясында еліміздегі 228 мәслихаттың 3 447 депутаттық мандаты сарапқа салынады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *