ТАРАЗДА 9 КҮНДІК НӘРЕСТЕНІҢ ЖҮРЕГІНЕ КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ
Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында жүрегінде ауыр туа біткен ақауы бар тоғыз күндік нәрестеге күрделі операция жасалды. Дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қалу үшін шұғыл медициналық көмек көрсетіп, отаны сәтті аяқтады, – деп хабарлайды Taraz24news.kz ақпараттық агентігі.
Шақалаққа «магистральді артериялардың транспозициясы» диагнозы қойылған. Бұл – жүректің туа біткен күрделі ақауларының бірі. Мұндай жағдайда жүректен шығатын негізгі қан тамырларының орналасуы қалыптыдан өзгеше болады. Сондықтан нәрестеге өмірінің алғашқы күндерінде-ақ хирургиялық араласу қажет.
Күрделі операцияны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар кардиохирургі Дмитрий Горбунов пен Жамбыл облысының штаттан тыс бас балалар кардиохирургі Икромжон Мухамедов жасады. Мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде ота сәтті өтті.
Айта кетейік, Жамбыл облысында жыл сайын 200-250 баладан жүректің туа біткен ақауы анықталады. Олардың арасында 15-20 нәресте өмірге келген алғашқы күндерінен бастап шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.
Бұл жағдай балалар кардиохирургиясында ерте анықтау мен дер кезінде жасалған отаның қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.

