BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ПРЕЗИДЕНТ ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ЕЛДЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ СОТ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы сот өкілдерімен кездесті. Кездесуде сот жүйесі саласындағы ынтымақтастықты нығайту және құқықтық бағыттағы байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Президент кездесуге арнайы келген Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның сот жүйесі басшыларына ілтипат білдірді. Мемлекет басшысы бауырлас елдер арасындағы өзара байланысты арттыруда Түркі мемлекеттері ұйымының орны ерекше екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот және құқық қорғау салаларындағы ықпалдастықтың соңғы жылдары күшейіп келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттердің тұрақты дамуы үшін әділ әрі тиімді сот жүйесінің маңызы зор.

Кездесуде алдағы Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғарғы сот төрағалары конференциясына қатысты мәселелер де сөз болды. Жиында сот жүйесін цифрландыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау және құқықтық саланы жетілдіру бағыттары қаралады.

Президент Қазақстан түркі елдерімен ынтымақтастықты дамытуға әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және құқықтық реформалар туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның қабылдануы елдің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін айтты.

Кездесу барысында сот жүйесі мен құқық қорғау саласын жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды. Жиында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев сөз сөйледі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *