ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ОРМАН ӨРТІН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ АНЫҚТАЙТЫН ЖҮЙЕ СЫНАЛЫП ЖАТЫР
Жамбыл облысындағы «Мерке» мемлекеттік табиғи паркінде орман өртін ерте анықтауға арналған Orman-AI жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр. Жоба облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Beeline Қазақстан компаниясының бірлесуімен жүзеге асуда. Жаңа технология түтіннің алғашқы белгілерін байқап, мамандарға жедел дабыл беруге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Батыс Тянь-Шань аумағында орналасқан табиғи парктің жер көлемі 86 мың гектардан асады. Таулы аймақтың күрделі бедері өрт ошақтарын дәстүрлі патрульдеу арқылы дер кезінде анықтауға кедергі келтіреді. Сондықтан мамандар автоматтандырылған бақылау жүйесін сынақтан өткізуге кіріскен.
Orman-AI жүйесі жасанды интеллектпен жабдықталған бейнекамералар арқылы жұмыс істейді. Биіктігі 20 метрден асатын тіректерге орнатылған камералар айналаны 360 градусқа шолып, тәулік бойы бақылау жүргізеді. Түсірілген бейнежазбалар арнайы серверге жіберіліп, жасанды интеллект ықтимал өрт белгілерін үздіксіз саралайды. Түтін байқалған жағдайда операторға дабыл түсіп, өрттің болжамды орны 100 метрге дейінгі дәлдікпен көрсетіледі. Жабдықтар -50-ден +50 градусқа дейінгі температурада жұмыс істеуге бейімделген.
Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиевтің айтуынша, жаңа технология мамандардың жұмысын жеңілдетіп, төтенше жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

– Қазақстанда жасанды интеллект барған сайын кеңінен қолданылып келеді. Алайда технология адамды ешқашан алмастыра алмайды. Өйткені шешімді мамандар қабылдайды, өртпен күресетін де – солар. Жасанды интеллект олардың жұмысын жылдамырақ әрі тиімдірек етуге көмектеседі. Өрт неғұрлым ерте анықталса, жедел әрекет ету қызметтері оны соғұрлым тез сөндіре алады. ЖИ түтінді автоматты түрде анықтау арқылы әрекет ету уақытын бірнеше сағаттан бірнеше минутқа дейін қысқартады. «Мерке» паркіндегі пилоттық жоба технологияның нақты табиғи жағдайда қалай жұмыс істейтінін тексеруге мүмкіндік береді, – деді Нартай Егембердиев.
Жоба бұған дейін еліміздің өзге өңірлерінде де қолданылып келеді. Beeline Қазақстан холдингінің құрамындағы Enterprise Co компаниясының бас атқарушы директоры Рауан Кабдрахимовтің айтуынша, Orman-AI жүйесі алғаш рет Қостанай облысында іске қосылған. Қазір орман алқаптарын 40-қа жуық камера бақылап отыр. Ал 2022 жылдан бері жеті өңірде осы технологияның көмегімен 200-ден астам өрттің алдын алуға мүмкіндік туған.

– Orman-AI жобасы қолданыстағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды жасанды интеллект технологияларымен ұштастыру арқылы маңызды міндеттерді шешуге болатынын көрсетеді. Жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеді. Цифрлық технологияларды пайдаланып, мемлекет пен бизнестің бірлесіп жұмыс істеуі болашақ ұрпақ үшін еліміздің бірегей орман қорын сақтауға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Рауан Кабдрахимов.
Бүгінде жүйе Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Алматы және Қарағанды облыстарын, сондай-ақ Астана қаласын қамтиды. Ал 2026 жылы шалғай әрі жетуі қиын аумақтардағы бақылауды күшейту үшін камераларды Starlink спутниктік байланысы арқылы қосу жұмыстары басталған.
Қазақстанда орман өрті әлі де өзекті мәселе болып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел аумағында жалпы көлемі 63 мың гектарды қамтыған 614 орман өрті тіркелген. Оның 22,9 мың гектарға жуығы орман қоры жерлеріне тиесілі. Өрттің негізгі себептерінің бірі – найзағай разрядтары. Олардың үлесі жалпы оқиғалардың 60 пайызына жеткен.
Қазіргі уақытта «Мерке» табиғи паркінде қажетті жабдықтар орнатылып, камералар бір ай бойы сынақтан өтуде. Мамандар жүйенің түтінді анықтау дәлдігін, ақпаратты жеткізу жылдамдығын және оны пайдалану қолайлылығын тексеріп жатыр. Сынақ қорытындысы бойынша технологияны парк аумағының өзге бөліктеріне енгізу мәселесі шешіледі.

