ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 76 СУАРУ КАНАЛЫ ЖӨНДЕЛЕДІ
Жамбыл облысында биыл Ислам даму банкінің қаржыландыруымен 76 суару каналына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жөндеу жүргізілетін каналдардың жалпы суару аумағы 51,4 мың гектарды қамтиды.
Су жеткізу мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты аталған аумақтарда суармалы егістік көлемін қысқарту жоспарланған.
2026 жылы облыстағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 16,7 мың гектарға азайып, 623,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп күтілуде. Егіс құрылымын әртараптандыруға басымдық беріліп, суды аз қажет ететін дақылдар үлесі артпақ.
Биыл мүйізді ірі қара мал саны 6,3 мың басқа, ал ұсақ мал 46,5 мың басқа көбейеді деп жоспарланған. Сонымен қатар сүт өндірісі 2,8 мың тоннаға, ет өндірісі 2,7 мың тоннаға ұлғаяды.
Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 540 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 50,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 37,1 млрд теңге субсидиялауға, 6,5 млрд теңге СҚО тәжірибесін енгізуге, 7 млрд теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасын қаржыландыруға бағытталмақ.
Биыл салада жалпы құны 35,1 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Сондай-ақ СҚО тәжірибесін тарату аясында 6,5 млрд теңгеге 6 жоба несиелендіріліп, нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына жалпы 86,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.

