BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ АКТИВ ОТЫРЫСЫНДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен облыстық актив отырысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы таныстырылды – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға Тараз қаласы мен аудан әкімдері, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен басқарма басшылары, кәсіпорын жетекшілері және жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Отырыста облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Абдалы Нұралиев жаңа Ата Заң жобасының негізгі бағыттары мен ерекшеліктері туралы баяндады. Сондай-ақ комиссия жұмысы жөнінде ақпарат берді.

Оның айтуынша, Конституциялық комиссия құрамына еліміздің барлық өңірлерінен өкілдер тартылып, жаңа құжат жобасында аймақтардың да мүддесін ескеруге мүмкіндік жасалған.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Батырбек Құлекеев пен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков те сөз сөйлеп, Конституция жобасын қолдайтындарын жеткізді.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар саяси жүйені жетілдіруге және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Аймақ басшысы жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатынын айтып, тұрғындарды дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар облыс әкімі жаңа Ата Заң жобасын қолдау елдің болашағы үшін маңызды қадам екенін жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *