БИЛІКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ТАБИҒИ ГАЗ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Бүгін Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау, Жылыбұлақ, Әбдіқадыр және Дарбаза елді мекендеріне жүргізілген табиғи газ құбыры пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында қазіргі таңда аудандағы 49 елді мекен толықтай, 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2022–2023 жылдары Қошқарата, Қаратас, Қызтоған, Ақтасты, Рысбек батыр ауылдарында табиғи газ құбыры жүргізіліп, ел игілігіне берілген болатын.
Сонымен қатар, 2024 жылы Қарабастау мен Жылыбұлақ ауылдарында, 2025 жылы Дарбаза мен Әбдіқадыр ауылдарында кварталішілік газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жүзеге асырылды. Билікөл ауылдық округіндегі құрылыс жұмыстарын 2024 жылы «Париев» ЖШС, ал 2025 жылы «Құрылыс–2015» ЖШС жүргізді.
Жоба аясында округ аумағындағы 314 аула мен 1 626 тұрғын табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Табиғи газдың іске қосылуына арналған салтанатты шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысып, тұрғындарды құттықтады.
– «Бүгін міне, сіздердің қуаныштарыңызды бөлісуге келіп отырмыз. Ауылға келген газдың игілігін көріңіздер. Отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, қызметтеріңізде табыс, отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін», – деді аудан әкімі.

