ТАРАЗДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП — ҚОҒАМ ТІРЕГІ» ТАҚЫРЫБЫНДА КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
2026 жылғы 28 қаңтарда Тараз қаласындағы Д.Карбышев атындағы №16 орта мектепте «Заң мен тәртіп — қоғам тірегі» тақырыбында конференция өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті билік қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар қатысты – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Іс-шара барысында заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қозғалды.
Тараз қаласы Полиция басқармасына қарасты «Жібек жолы» полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Ринат Ертаев жастарға құқықтық жауапкершілік туралы түсіндірме берді. Ол құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Конференцияда киберқауіпсіздік тақырыбы да қамтылды. Қатысушыларға интернеттегі қауіптер, жеке мәліметтерді қорғау жолдары және интернет-әлімжеттіктің салдары жөнінде ақпарат ұсынылды.
Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселесіне назар аударылды. Оқушыларға жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қатысты негізгі талаптар түсіндіріліп, қараңғы уақытта жарық қайтарғыш құралдарды қолдану қажеттігі ескертілді.
Жиын соңында оқушылар белсенділік танытып, сұрақтар қойды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

