САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның қатары тағы бір жас сарбаздармен толықты. Олар Жеңіс саябағында әскери ант қабылдады. Салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев және әскери бөлімнің ардагерлері мен ата-аналар қауымы қатысты.
«Жеңіс» саябағындағы салтанатты іс-шара Кеңес Одағының Батыры, атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Аймақ басшысы мемлекет қауіпсіздігін қорғау әрбір ер азаматтың өміріндегі маңызды сәт екенін баса айтып, сарбаздардың сын сағатта сыр бермей, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқаратындығына сенім білдірді.
Сарбаздар оқу пунктінде болған кезде әскери құқықтық тәртіптің негіздерін түсініп, әскери қызметшінің лауазымдық арнайы міндеттерін, қару-жарақпен және қарусыз саптық техниканы үйренген. Сонымен қатар күнделікті тәртіп элементтерін зерттеп, дене шынықтыруды дамытып, және мемлекеттік құқықтық дайындық бойынша білімдерін жетілдірген.
– Бүгін өтіп жатқан әскери ант қабылдау рәсімі біз үшін өте маңызды оқиға. Бүгін жауапты күн. Біз әскери антымызға адал болу үшін сөз береміз. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының сарбазы болу біз үшін үлкен мәртебе. Мен бала кезімнен солдат болуды армандадым,-дейді Жақсылық Бекмырзаев, жас сарбаз
Алаңда 5513 әскери бөлімінің 292 әскери қызметкері Отанға адал болуға ант берді. Рәсімді Қазақстанның түкпір түкпірінен келген сарбаздардың көптеген туыстары тамашалады. Соңында жас жауынгерлердің жеке құрамы салтанатты шерумен өтті.