2024 ЖЫЛҒЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ: МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ САПАСЫ МЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған міндеттер аясында денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Басты мақсат – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту, – деп хабарлайды “Taraz24news.kz” ақпарат агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
2025 жылғы 14 шілдеде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» жаңа заңға қол қойылды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, заң медициналық көмекті базалық және сақтандыру пакеттеріне нақты бөлуге мүмкіндік берді. Әлеуметтік мәні бар ауруларға скринингтер барлық азаматтарға қолжетімді болмақ.
МӘМС жүйесін кеңейту көзделген: 2026 жылға қарай қосымша 1 млн-нан астам азамат қамтылатын болады. Әлеуметтік осал топтарға жарналарды жергілікті бюджеттен төлеу тетігі енгізіледі. Сондай-ақ жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қорға аударымдардың жоғарғы шегі алынып тасталды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жастан асты. Ана өлімі 12%-ға, сәби өлімі 11%-ға, бала өлімі 8%-ға төмендеді. «Феталды медицина» технологиясы енгізіліп, 71 жатырішілік операция жасалды, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 нысанның 538-і іске қосылды. Бұл шамамен 1 млн ауыл тұрғынын медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар облыстық ауруханалар мен перинаталдық орталықтарда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Фармацевтика саласында дәрі-дәрмек бағасын төмендету шаралары қолға алынды. Шекті бағалар қайта қаралып, дженериктердің құны түпнұсқа препарат бағасының 30%-ына дейін қысқартылды. Бұл мемлекетке шамамен 18 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Цифрлық трансформация аясында 2024 жылдың тамызынан бастап пациенттерді цифрлық сәйкестендіру енгізілді. Жалған жазбалар мен негізсіз көрсетілген қызметтер көлемі 6%-ға азайды. Қыркүйектен бастап жасанды интеллект негізіндегі «дәрігер көмекшісі» жобасы іске қосылады.