ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ 8,9 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде өңірдің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Басқосуға Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері, аумақтық департаменттер мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл қорытындысы бойынша облыстың экономикалық өсімі 8,9 пайыз болды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 15,6 пайызға, құрылыс 14,4 пайызға, байланыс 10,1 пайызға, көлік 3,1 пайызға, ауыл шаруашылығы 2,1 пайызға, ал сауда 0,5 пайызға артқан.
Өнеркәсіп саласында 1,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, облыс республика өңірлері арасында төртінші орынға шықты. Өңдеу өнеркәсібінде 834,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2024 жылмен салыстырғанда 12,8 пайыз өсім тіркелді. Осы көрсеткішпен өңір үздік бестікке енді.
Ауыл шаруашылығы саласында 514,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өсімдік шаруашылығы өнім көлемі 2,2 пайызға, мал шаруашылығы 1,9 пайызға артты. Тірі салмақтағы ет өндірісі 2,6 пайызға, сүт өндірісі 1,6 пайызға өсті.
Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 764,5 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 38,8 пайызға жоғары және облыс республика көлемінде үшінші орыннан көрінді.
Құрылыс саласында 392,8 млрд теңгенің жұмыстары атқарылды. 2025 жылы 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардың ішінде 1 050 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 39 көпқабатты тұрғын үй (1 056 пәтер) ел игілігіне берілді. Әлеуметтік осал топтарға арналған 1 425 пәтер сатып алынды.
Сауда айналымы 1 067,1 млрд теңгені, көлік қызметтері көлемі 627,1 млрд теңгені құрады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева өңір экономикасында оң динамика байқалғанын жеткізді. Дегенмен Жуалы, Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Қордай аудандарында өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс және тұрғын үй көрсеткіштері төмен деңгейде қалып отыр.
Мәжілісте жауапты тұлғалар мәселелердің себептері мен шешу жолдарын баяндады. Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы белгілеген мақсат-міндеттерге тоқталып, алдағы жұмыстардың жүйелі және нақты болатынын атап өтті.
Облыс басшысы ауыл шаруашылығындағы проблемаларға назар аударды. Ол егістікке су жеткізу, егіс көлемін оңтайландыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Қаржы басқармасы басшысының баяндамасынан кейін Ербол Қарашөкеев бюджет қаражатының әр тиынының тиімді жұмсалуын тұрақты бақылауда ұстауды ескертті.
Әкімдік мәжілісінің қорытындысы бойынша белгіленген межелерге қол жеткізілмеген жағдайда Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Қордай аудандарының әкімдері мен жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қолдану тапсырылды.
– 2026 жылға белгіленген жоспарлы көрсеткіштер толық орындалуы тиіс. Жұмысты ширатып, нақты нәтижелерді көрсетуді талап етемін, – деп түйіндеді облыс әкімі.

