ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН АРАСЫНДАҒЫ САУДА АЙНАЛЫМЫ 1,6 ЕСЕГЕ ӨСТІ
Жамбыл облысы мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс нығайып келеді. Биылғы сегіз айда екі өңір арасындағы тауар айналымы 112,7 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Бішкек қаласында өткен Қазақстан мен Қырғызстанның ІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында мәлімдеді. Жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев қатысты.
Форумда өңір басшысы екі ел арасындағы әріптестікті дамытуда Жамбыл облысының маңызына тоқталып, сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі жай-күйі мен алдағы жоспарларды таныстырды. Оның айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараның шамамен 60 пайызы Жамбыл облысының аумағы арқылы өтеді.
Биыл қаңтар-тамыз айларында Қырғызстанға Жамбыл облысынан шығарылған өнім көлемі 79,9 миллион долларға жетіп, былтырғы көрсеткіштен 1,9 есе артқан. Ал көрші елден жеткізілген тауар құны 32,8 миллион долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 есе жоғары.
Кездесуде сауда көлемін ұлғайту ғана емес, екі ел кәсіпкерлерінің бірлескен жобаларын жүзеге асыру мәселесі де сөз болды. Соның бірі – «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінің маңынан индустриялық сауда-логистикалық кешен салу бастамасы. Жоба аясында өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және тасымалдау жүйесін қалыптастыру көзделген. Сондай-ақ кешен арқылы екі ел кәсіпорындарының үшінші мемлекеттер нарығына шығуына мүмкіндік жасау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда жобаға қажетті Қордай ауданынан 165 гектар жер телімі белгіленген. Құжаттарды рәсімдеу және жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, форумда су ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселесі көтерілді. Өйткені Жамбыл облысындағы суармалы судың шамамен 85 пайызы Қырғызстан аумағында қалыптасады. Осыған байланысты Шу мен Талас өзендерінің суын тиімді пайдалану, екі тараптың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі айтылды.
Туризм саласындағы әріптестік те назардан тыс қалмады. Жамбыл облысы көне Тараздың тарихи орындарын Қырғызстанның Ыстықкөл өңірі мен таулы аймақтарындағы туристік нысандармен байланыстыратын ортақ бағыттар қалыптастыруды ұсынып отыр.
Жиын қорытындысында Ербол Қарашөкеев шекаралас өңірлер арасында тұрақты жұмыс тобын құру, бірлескен инвестициялық жобалар тізбесін әзірлеу және кәсіпкерлердің басын қосатын жыл сайынғы бизнес-форум өткізу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді жолға қою мәселесін көтерді.
Өңір басшысының айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы әріптестік алдағы уақытта тек сауда көлемін арттырумен шектелмеуі керек. Негізгі мақсат – ортақ кәсіпорындар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру және екі елдің өндірістік байланысын нығайту.

