BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНДЕ ЦИФРЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ МІНДЕТТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді.
– деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент агенттік қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, құрылымның бес жыл ішінде экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды орынға ие болғанын айтты. Оның сөзінше, атқарылған жұмысқа қарамастан, алда жаңа міндеттер тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріне бейімделуі қажет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қылмыстық топтар да жаңа технологияларды белсенді қолдана бастаған.

Мемлекет басшысы агенттік қызметіне цифрлық тәсілдер мен жасанды интеллект жүйесін кеңінен енгізуді кезек күттірмейтін міндет ретінде атады. Бұл ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Жиында мемлекет қаржысын жымқыру, көлеңкелі экономика және заңсыз криптооперациялар мәселесі көтерілді. Президент мұндай құқық бұзушылықтардың ел экономикасына елеулі зиян келтіретінін айтып, оған тосқауыл қоюды тапсырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саладағы қаржы айналымын бақылауды күшейту қажеттігін жеткізді. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау салаларында заңсыздықтардың алдын алу маңызды екенін атап өтті.

Президент кәсіпкерлермен жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырды. Оның айтуынша, негізсіз қылмыстық істер бизнеске қысым жасап, инвестициялық ахуалға кері әсер етеді.

Көлеңкелі айналымды жасыру үшін қолма-қол төлемнің артуы және заңсыз криптоалмасу қызметтері де ерекше назарға алынды. Мемлекет басшысы бұл бағытта нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Жиында қаржы пирамидаларына қарсы күрес мәселесі қозғалды. Президент алаяқтық схемаларға азаматтарды тартатын тұлғаларға қатаң жауапкершілік енгізу қажет екенін айтты.

Сондай-ақ есірткі бизнесінен түскен табысты заңдастырумен күресті күшейту және қылмыстық жолмен алынған мүлікті толық тәркілеу мәселесі көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында агенттікке жүктелген жауапкершіліктің жоғары екенін айтып, басқа құқық қорғау органдарымен үйлесімді жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.

Жиында агенттік төрағасы Жанат Элиманов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.

Кездесу соңында Президент қызметтік міндетін үлгілі атқарған бір топ қызметкерді мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *