BASTY BETJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ТАРАЗДА «ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІ ТУРАЛЫ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

30 қазанда Таразда «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелерін түсіндіруге арналған семинар өтті. Жиынға Кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және Жамбыл облысының азаматтық қоғам өкілдері қатысып, жаңа конституциялық органның міндеттері мен қоғамдық құрылымдармен өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz».

Семинарды ашқан Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев жаңа заңның мазмұнын түсіндіру және өңірдегі қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмысты жолға қою маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі, Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин жаңа органның құрылу алғышарттары мен негізгі бағыттары туралы баяндады. Оның айтуынша, Кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың жинақталған тәжірибесіне сүйенеді. Ендігі міндет – этносаралық келісімді сақтаумен қатар, ортақ азаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық құндылықтарды нығайту.

Ғалым Шойкин этномәдени бірлестіктердің қоғамдық өмірдегі рөлі сақталатынын, олардың ел көлеміндегі маңызды мәселелерді талқылауға қатысу мүмкіндігі кеңейетінін жеткізді. Кеңес азаматтардың ұсыныстарын жинаумен шектелмей, оларды сарапшылармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.

«Бүгінгі біздің міндетіміз – мәселені идеялар мен ұсынымдарға айналдырып, оларды мемлекетке жеткізетін алтын көпір болу», – деді ол.

Сондай-ақ спикер өңірлерде Қазақстан Халық Кеңесінің жеке филиалдары құрылмайтынын түсіндірді. Жергілікті деңгейдегі жұмыс қоғамдық кеңестер, мәслихаттар, этномәдени бірлестіктер, Достық үйлері және басқа да қоғамдық құрылымдар арқылы жүргізіледі.

Кеңес мүшесі Лугмар Буларов қоғамдық келісімнің негізі пікір қайшылығының болмауы емес, ашық диалог, өзара құрмет және ортақ шешім іздеу екенін атап өтті. Ал Фарида Жүнісова азаматтық қоғам өкілдерінің бастамалары формалды түрде қаралмай, нақты шешімдер әзірлеу кезінде ескерілуі қажет екенін айтты. Ол жастарды қоғамдық өмірге тарту, мемлекеттік тілді ілгерілету, волонтерлік пен экологиялық мәдениетті дамыту, тарихи мұраны сақтау және елді мекендерді абаттандыруды бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары ретінде атады.

Кездесуде Кеңестің мемлекеттік органдарды алмастырмайтыны және олардың құзыретіне араласпайтыны да айтылды. Кеңес қоғамдық диалог пен азаматтық бастамаларды сараптамалық тұрғыдан пысықтауға арналған алаң ретінде жұмыс істейді. Наринэ Микаелян жаңа Азаматтық кодексті талқылауға қоғам өкілдерінің қатысу мүмкіндігіне тоқталып, өңірлерден түскен ұсыныстар заңнамалық бастамаларды жетілдіруге негіз бола алатынын жеткізді.

Бұдан бөлек, семинарда қоғамдық бақылауды жобаларды жоспарлау кезеңінен бастау, қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру және азаматтардың ұсыныстарын қарау мәселелері көтерілді.

Қатысушыларға Қазақстан Халық Кеңесінің арнайы цифрлық платформасын әзірлеу барысы да таныстырылды. Жоспар бойынша, платформа азаматтардың қоғамдық маңызы бар ұсыныстары мен идеяларын қабылдауға, олардың қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект көмегімен ұсыныстар тақырыптық бағыттарға бөлініп, тиісті мамандарға жолданбақ. Қазір платформа әзірленіп жатыр.

Семинар соңында Қуаныш Мамашев талқылау барысында көтерілген ұсыныстар мен практикалық мәселелердің өңірдегі қоғамдық ұйымдармен жұмысты одан әрі ұйымдастыру үшін маңызды екенін атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *