ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ЖАС САҚШЫ» СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ
Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназияда Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есіміне арналған «Жас сақшы» полиция бағытының жаңа сыныбы ашылды, салтанатты рәсім барысында оқушылар ант қабылдады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің өкілдері мен Тараз қаласы Полиция басқармасының мамандары қатысты. Олар жаңа сыныптың лентасын қиып, жобаның маңызын атап өтті.
Ант қабылдау рәсімінде оқушыларға арнайы куәліктер тапсырылып, естелік сыйлықтар берілді. Жиынға қатысушылар жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталды.
Басқарма өкілдері мұндай сыныптардың жасөспірімдерге полиция қызметінің бағыт-бағдарын түсінуге, құқықтары мен міндеттерін терең меңгеруге мүмкіндік беретінін айтты. Бұл өз кезегінде жауапты, ел қауіпсіздігіне үлес қоса алатын жас азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етпек.
Іс-шара соңында қатысушылар жас сақшылармен сұхбаттасып, алдағы оқу кезеңіне сәттілік тіледі.

