МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ИЗРАИЛЬДІҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саарды қабылдады. Президенттің айтуынша, бұл сапар Израильдің Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге деген мүдделілігін көрсетеді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесуде екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды. Тараптар жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және басқа да бағыттар бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.
Президент Гидеон Саардың сапары аясында өтетін Қазақстан–Израиль бизнес форумын қолдап, оның нәтижелері инвестициялық серіктестікті нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Израильдің сыртқы істер министрі екі ел арасындағы мемлекетаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін жеткізді. Ол Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуын Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды әрі болашаққа бағытталған шешімі ретінде атап өтті.
Гидеон Саар Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға оң бағасын беріп, олардың табысты жүзеге асуына қолдау білдірді.
Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де талқыланды.
