ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – ҚОҒАМ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Елде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірінің тіліне, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарайды. Бұл – бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтаудың басты кепілі, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Мемлекет бірлігін нығайтудың негізгі тетігі – заң. Қазақстан Республикасының Конституциясында әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары нақты белгіленген. Атап айтқанда, Ата Заңның 1-бабында адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына деп көрсетілген.
Конституцияның 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сонымен қатар, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет елдегі барлық этностардың тілдерін үйрену мен дамытуға жағдай жасайды.
Ал 14-бапта заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екені айқындалған. Ешкім нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне немесе өзге де белгілеріне байланысты кемсітілмеуі тиіс. Бұл норма – тек қағаз жүзіндегі талап емес, күнделікті өмірде қолданылатын құқықтық кепіл.
Сонымен бірге, этносаралық және дінаралық келісімді бұзуға бағытталған әрекеттер заңмен қатаң жазаланады. Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру қылмыс ретінде қарастырылған. Аталған бап ксенофобияны, тілдік кемсітуді, сондай-ақ этностарды бір-біріне қарсы қоюды қамтиды.
Мұндай құқықбұзушылық үшін 2000-нан 7000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген.
Мамандардың айтуынша, бір ғана жауапсыз сөз немесе әлеуметтік желідегі жазба қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан әр азаматтың сөз мәдениеті мен жауапкершілігі маңызды.
«Тіл туралы» заң да қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған. Құжатта тілдің араздық құралы емес, адамдарды жақындастыратын көпір екені атап көрсетіледі. Осыған байланысты қоғамдық орындарда және интернет кеңістігінде тілдік мәдениетті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

