ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖАСТАР АРАСЫНДА ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жамбыл облысында жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кездесу өтті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Іс-шара «Заң мен тәртіп қағидаты» аясында ұйымдастырылды. Кездесуге полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және студент жастар қатысты. Негізгі мақсат – жасөспірімдер мен жастарды құқықтық тұрғыда ақпараттандыру, заңға қайшы әрекеттердің алдын алу.
Кездесу Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Астана» көпсалалы колледжінің бірлесуімен өтті.
Жауапты сала өкілдері өңірде жастардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми деректерге сәйкес, облыс аумағында 4 965 рейдтік іс-шара өткізілген. Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 15,8 пайызға төмендеген.
ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобы бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азат Пирматовтың айтуынша, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Оның сөзінше, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру – заңсыз әрекеттерге жол бермеудің негізгі тетігі.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың құқықтық салдарын түсіндірді. Сонымен қатар студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауаптар берілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, жастардың заңға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталады.

