BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЭКОНОМИКАҒА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ҚАРҚЫНЫ ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫНДА ҚАРАЛДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында берілген экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Отырыста министрліктер мен өңір әкімдіктерінің инвестиция көлемін ұлғайту және жаңа жобаларды іске қосу қарқынын арттыру бағытындағы жұмыстарының тиімділігі талқыланды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеңес барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, облыс әкімдері және ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев баяндама жасады.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы қойған 2029 жылға дейін ел экономикасына 150 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тарту міндетіне ерекше назар аударды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, биылғы тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,8 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға артқан. Ең жоғары өсім энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында байқалды.

Өңірлер арасында Астана қаласы мен Түркістан облысы жоспарлы көрсеткіштерді орындауда көш бастап тұр. Ал Қарағанды, Атырау, Ұлытау және Абай облыстарында жоспардың орындалу деңгейі төмен.

2025 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша Бірыңғай ұлттық пул шеңберінде 185 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жыл соңына дейін тағы 268 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 10,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Премьер-министр НКИ тарту жөніндегі жылдық жоспардың 52,7%-ға ғана орындалғанын, ал ТШИ көрсеткішінің бұдан да төмен екенін атап өтті. Ол инвестициялық жобаларды іске асыруда бюрократиялық рәсімдер мен мерзімдердің кешігуі секілді мәселелердің шешілуі қажет екенін айтты.

Атырау облысында негізгі капиталға инвестиция тарту жоспарының орындалуы – 42,8%, Ұлытау облысында – 61,5%, ал Абай облысында НКИ бойынша 70,4% және ТШИ бойынша 26,2% деңгейінде. Кейбір өңірлерде жобалардың жүзеге асырылуы жабдық жеткізілімінің кешігуіне байланысты баяулаған.

«Әкімдер мен министрлер инвестиция тарту мәселелерімен күн сайын тікелей айналысуы тиіс. Бұл – ең маңызды мәселе. Инвестиция болмаса, экономикада даму болмайды. Артта қалған өңірлердің әкімдеріне инвестициялар бойынша мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін өз орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», – деді Премьер-министр.

Кеңесте сондай-ақ инвесторларды қолдау және қорғау шаралары талқыланды. Инвестициялық штаб пен Бас прокуратураның бірлескен жұмысы нәтижесінде жергілікті деңгейде әкімшілік кедергілер азайтылып келеді. «Прокурорлық сүзгі» механизмі арқылы 380 заңсыз тексерудің және 450 әкімшілік істің алдын алынды. Жалпы ел экономикасына шамамен 19 трлн теңге көлемінде үлес қосқан 1800 инвесторға көмек көрсетілді.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне инвестиция тарту қарқынын арттыруды, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды және жобалардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *