BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІҢ СЕРВИСТІК МОДЕЛІ: ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНДЕГІ НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЦИФРЛЫҚ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР

Қазақстанда жаңа Салық кодексінің шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшу басталды. Жүйе әкімшілік талаптарды азайтуға, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға және цифрлық құралдарды кеңінен қолдануға бағытталған, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Думан Қансейітовтың айтуынша, сервистік модель – азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған заманауи тәсіл.

Оның айтуынша, басты мақсат – әкімшілік бақылаудан клиентке бағытталған форматқа өту. Яғни, негізгі назар қызмет алушының мүддесіне шоғырланады.

Жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер

Нөлдік есептілікті автоматты түрде қалыптастыру.
Егер салық төлеуші есептілікті белгіленген мерзімде өткізбесе, жүйе оны автоматты түрде нөлдік форматта қалыптастырады. Бұл есеп тапсыруды кешіктіргені үшін хабарлама жолдану, банктік шоттарды бұғаттау немесе ӘҚБтК-нің 272-бабы аясындағы жауапкершілікке тарту сияқты жазалау шараларын азайтады.

Ал айналым анықталған жағдайда жауапкершілік жалғасады. Бірақ кәсіпкер кірістерді өзі анықтап, түзетілген есептілік тапсырса, әкімшілік шаралар қолданылмайды.

Салық есептілігі нысандарының қысқаруы.
Есептілік нысандары 41-тен 28-ге дейін қысқарып, 30%-дан астам азайды. Бұл бизнеске уақытты үнемдеп, салықтық процестерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Салық органдарының сервистік топтары

Қаржы министрінің бұйрығымен Мемлекеттік кірістер органдарының мобильді сервистік топтары құрылды. Олар азаматтарға салық міндеттемелерін орындауға көмектеседі, оның ішінде декларация толтыру мен тапсыруға қолдау көрсетеді.

Сервистік топтар келесі санаттағы азаматтарға қызмет көрсетеді:

  • I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға;
  • ұзақ мерзімді еңбекке жарамсыздыққа әкелетін ауруы бар адамдарға;
  • 80 жастан асқан, күтімді қажет ететін қарттарға;
  • телекоммуникация желілері жоқ шалғай ауыл тұрғындарына.

Өтінім 1414 нөмірі арқылы қабылданады.

Салық төлеушілерге көрсетілетін қолдау шаралары

Мемлекеттік кірістер комитеті «жұмсақ сүйемелдеу» моделін енгізіп жатыр. Бұл бизнеске тіркеуден бастап қызметін тоқтатқанға дейін қолдау көрсетуді көздейді. Модель келесі мүмкіндіктерді қамтиды:

  • мобильді қосымшалар арқылы жеңілдетілген тіркеу;
  • алдын ала толтырылған декларациялар;
  • салықтарды оңай төлеу;
  • бірқатар қызметтерді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына және қаржы секторына беру;
  • банктердің қосымшалары арқылы хабарламалар мен ескертулер;
  • жастардың салықтық сауаттылығын көтеру;
  • ашық API-сервистерді кеңейту.

Сонымен қатар болашақ кәсіпкерлерге арналған «Калькулятор» сұхбаттық сервисі әзірленген. Ол бизнес нысанын (ЖК немесе ЖШС), салық режимін, декларация түрлерін және мерзімдерін анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде әр салық төлеушіге жеке Ескертпе қалыптастырылады.

Сервис САИЖ пен МКК порталында, «Бірыңғай жеке кабинетте» және банктердің мобильді платформаларында қолжетімді.

Банктермен интеграция

Екінші деңгейдегі банктермен бірлескен жұмыстар аясында салық төлеушінің мобильді кабинеті түріндегі прототип әзірленуде. Онда бақылау шаралары қолданылмай-ақ кең сұранысқа ие сервистерге қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.

Банк экожүйелерімен интеграция нәтижесінде 20-дан астам қызмет іске асырылды. Олардың қатарында салық есептілігі, берешек туралы хабарламалар алу және POS-терминалдармен біріктірілген бақылау-касса жүйелері бар. Бұл бизнеске бүкіл өмірлік циклінде артық жүктемесіз қызмет алуға жағдай жасайды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *