ҚАЗАҚСТАНДА ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТ ЛАУАЗЫМЫН ЕНГІЗУ ҰСЫНЫЛДЫ
Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар бастама көтерді. Солардың ішіндегі ең көп талқыланғаны – вице-президент лауазымын енгізу мәселесі, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі.
Президенттің айтуынша, жаңа институт мемлекеттік басқарудағы тұрақтылықты күшейтуге бағытталған. Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламенттің келісімімен тағайындайды. Ол Президенттің тапсырмасы бойынша бірқатар ішкі және сыртқы саяси мәселелерге жауап береді.
Жаңа лауазым иесі халықаралық кездесулер мен форумдарда ел атынан сөз сөйлеуі, Парламентпен байланыс орнатуы, сондай-ақ қоғамдық және мәдени ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауы мүмкін. Бұл өкілеттіліктер заң жүзінде нақты бекітіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, вице-президент институты билік жүйесін күрделендірмейді, керісінше басқару тетіктерін нақтылап, жауапкершілікті айқындай түседі. Бұл қадам қазіргі саяси жүйені нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, аталған бастама Конституцияға өзгерістер енгізу аясында қаралады. Алдағы уақытта ұсыныс Парламент пен қоғам талқысына шығарылып, нақты шешім қабылданады.

