BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ АУҚЫМДЫ САЯСИ РЕФОРМАЛАРДЫҢ ЖАЛҒАСЫ — ОЛЖАС БЕКТЕНОВ

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында сөйлеген сөзінің қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министрдің айтуынша, Президент көтерген бастамалар бұған дейін жарияланған ауқымды саяси реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Атап айтқанда, Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту, демократиялық қағидаттарды қоғам өміріне орнықтыру, сондай-ақ елді біріктіретін негізгі құндылықтарды нығайту мәселелеріне басымдық берілген. Мемлекет басшысы экономиканың тұрақты дамуына қатысты да бірқатар маңызды міндеттерді айқындады.

Үкімет отырысында салық саясатын жетілдіру, жасанды интеллектіні енгізу және цифрландыруды жеделдету, энергетика, мұнай-газ, көлік және логистика, сауда, су ресурстары салаларын дамыту бағыттары қамтылды. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салалары да назардан тыс қалмады.

Қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігіне бизнес пен қоғам тарапынан түскен ұсыныстарды жинақтап, сараптамалық талдау жүргізу тапсырылды. Бұл жұмысқа «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық сарапшылар тартылады.

Цифрландыру саласында жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, мемлекеттік функцияларды оңтайландыру және қауіпсіз IT-инфрақұрылым қалыптастыру міндеті қойылды. Жасанды интеллект министрлігіне «Digital Qazaqstan» бағдарламасы аясында озық халықаралық тәжірибелерді енгізу жүктелді. Сондай-ақ Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жобасын жедел іске асыру қажеттігі атап өтілді.

Энергетика бағытында көмір генерациясын дамыту және жаңа жылу электр орталықтарын салу мәселесі көтерілді. «Самұрық-Қазына» қорына бірқатар өңірде ЖЭО құрылысы мен энергетикалық жобалардың жүзеге асырылуын жеделдету тапсырылды. Энергетика министрлігі бір ай ішінде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуі тиіс.

Көлік саласында халықаралық әуе рейстерін кеңейту, ұлттық карго-тасымалдаушыны дамыту және авиаотын бағасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірленеді. Теміржол инфрақұрылымына қатысты бірнеше ірі жобаны биыл аяқтау міндеті қойылды.

Сауда және интеграция министрлігіне ЕАЭО аясында отандық өндірушілерді қорғау және қазақстандық өнімді ішкі және сыртқы нарықта ілгерілету бойынша жүйелі шаралар әзірлеу тапсырылды.

Су ресурстары саласында Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін дайындау, су-энергетикалық ресурстар картасын әзірлеу және халықаралық деңгейде су қауіпсіздігі бастамаларын ілгерілету көзделіп отыр.

Сонымен қатар ғылыми әлеуетті экономиканың түрлі саласына кеңінен тарту, алаяқтықпен күресті күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, дәстүрлі құндылықтарды қорғау, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін жетілдіру мәселелері де қамтылды.

Білім беру саласында мемлекеттік қаржыландыру тетіктерін реформалау, жекеменшік оқу орындарына бақылауды күшейту тапсырылды. Денсаулық сақтау бағытында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттыру және ақпараттық жүйелерді жаңғырту бойынша нақты мерзімдер белгіленді.

Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов Президент тапсырмаларының орындалуы Үкімет жұмысының басты басымдығы екенін айтып, олардың жүзеге асырылуын жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *