ПРЕЗИДЕНТ «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдап, компанияның өткен жылғы қызметінің негізгі қорытындыларын және алдағы кезеңге арналған жоспарларды тыңдады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Талғат Алдыбергенов тарифтік жүк айналымы 10 пайызға өсіп, 289 миллиард тонна-шақырымға жеткенін атап өтті. Ал жүк тасымалының жалпы көлемі 5,5 пайызға артып, 320 миллион тоннаға дейін ұлғайған. Экспорттық бағыттағы тасымал 89 миллион тоннаны құраса, жүк транзиті 20 пайыздан жоғары өсіммен 33 миллион тоннаға дейін жеткен.
Президентке өткен жылы іске қосылған Достық – Мойынты темір жолының екінші желісі арқылы 6 миллион тоннадан астам жүк, яғни 100 мыңнан аса вагон өткізілгені мәлімделді. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін темір жол учаскесінде техникалық қозғалысқа рұқсат берілген.
Компания теміржол инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Қолданыстағы жобалардың жиынтық ұзындығы 3900 шақырымды қамтиды. Сонымен бірге қауіпсіздікті арттыру, тиімділікті күшейту және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жасанды интеллект элементтерін қолданатын цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр.
Тәлімгерлік институты құрылып, жас мамандарды даярлауға арналған кадрлық резерв жасақталғаны да баяндалды. Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелердің маңызын атап өтіп, теміржол саласы қызметкерлеріне қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын қолдады.
Кездесу қорытындысында Президент «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын трансформациялау жұмыстарын жалғастыруды, шетелдік ірі серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуді, цифрлық технологияларды белсенді енгізуді және мультимодальдық логистиканы дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілету жөнінде нақты тапсырмалар берді.
