BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗЫЛША СЫРҚАТТАНУ ДЕҢГЕЙІ 1,4 ЕСЕГЕ АЗАЙДЫ

Жамбыл облысында соңғы аптада қызылшамен сырқаттану деңгейі 1,4 есеге төмендеді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі. 2025 жылы облыста 927 қызылша дерегі тіркелген, оның шамамен жартысы қараша соңынан желтоқсан айына дейін анықталған.

Қызылшаның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында облыс бойынша бірқатар алдын алу шаралары жүргізілді:

  • 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 9–10 айлық сәбилер иммундау науқанына қосылды;
  • 18 жасқа дейінгі балаларға қайта иммундау жүргізілуде;
  • Мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерде балаларға екпе енгізу үшін көшпелі бригадалар ұйымдастырылды;
  • Бұрын екпеден бас тартқан 1000-нан астам бала вакцинамен қамтылды;
  • 2025 жылдың соңына қарай бір жасқа дейінгі балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы егумен қамту 98,6 пайызға, ал 6 жастағы балаларды – 98,7 пайызға жетті;
  • Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына барудан 143 вакцинацияланбаған бала шеттетілді;
  • Індет ошақтарында 655-тен астам байланыста болған тұлға анықталып, күнделікті медициналық бақылауға алынды;
  • Облыстық бюджеттен вакцинаның 20 мың дозасын қосымша сатып алуға қаржы бөлінді.

Осы шаралардың арқасында желтоқсаннан қаңтар айына дейін 16 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы вакцинацияланды.

Еске салсақ, қызылша – аса жұқпалы ауру. Ол адамнан адамға ауа тамшылары арқылы беріледі және тіпті қысқа уақыттық байланыс кезінде де жұғуы мүмкін. Егер бұрын қызылшамен ауырмаған немесе вакцина алмаған адам науқаспен байланысса, жұқтыру ықтималдығы 100 пайызды құрайды.

Қызылшаның асқынулары қауіпті: пневмония, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, ақыл-ой дамуының кешеуілдеуі, психикалық бұзылыстар және көру қабілетінің нашарлауы мүмкін. Ең қауіпті асқыну – қызылша паненцефалиті, ол баяу дамып, өлімге әкелуі мүмкін.

Қызылшадан қорғанудың тиімді жолы – вакцинация. Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес жоспарлы вакцинация 1 жасқа және 6 жасқа дейінгі балаларға жүргізіледі.

Мамандар барлық ата-аналарға қызылша мен басқа да жұқпалы ауруларға қарсы екпе алуды ұсынады. Вакцинация балаларды қауіпті асқынулардан және өлім-жітімнен қорғайды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *