BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдап, сот жүйесінің өткен жылғы қызмет қорытындылары мен алдағы жоспарлары жөнінде ақпарат алды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Асламбек Мерғалиев сот төрелігінің сапасы тұрақты деңгейде сақталғанын баяндады. Оның айтуынша, жоғары тұрған сот сатылары қабылданған сот актілерінің 98,8 пайызына өзгеріс енгізбеген.

Әкімшілік әділет саласында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік органдармен даулар кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау көрсеткіштері артқан. Атап айтқанда, әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 4,5 мыңға жуық актісі заңсыз деп танылған. Татуластыру рәсімдерін қолдану үлесі азаматтық істерде 45,9 пайызды, әкімшілік істерде 11,8 пайызды құраған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер саны 11,8 пайызға қысқарып, 500 мыңнан 441 мыңға дейін төмендеген.

Сонымен қатар рақымшылық туралы актіні іске асыру нәтижесінде 583 адам жазадан босатылған. 5 мыңнан астам сотталушы жазасын одан әрі өтеуден босатылып, 9,2 мың адамның жаза мерзімі қысқартылған.

Қамауда ұстауға санкция беруден бас тарту үлесі 25,7 пайыздан 37,5 пайызға дейін өскен. Үй қамағын қолдану екі есе артқан: бұлтартпау шарасы 2786 жағдайдан 5019 жағдайға дейін көбейген. Электронды білезіктерді пайдалану да кеңейтіліп, олардың саны 954-тен 2283-ке жеткен. Бұл бюджет шығындарын оңтайландыруға және тергеу барысындағы азаматтардың әлеуметтік байланыстарын сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Кассациялық сотқа жүгіну көрсеткішінің айтарлықтай артқаны атап өтілді. Алты ай ішінде Кассациялық сотқа 16,2 мыңнан астам арыз-шағым мен наразылық түскен. Салыстыру үшін, өткен жылдың осы кезеңінде Жоғарғы сотқа 9,8 мың өтініш тіркелген. Кассациялық тәртіпте түзетілген сот актілерінің үлесі азаматтық істер бойынша 3 пайыздан 18 пайызға, қылмыстық істерде 8 пайыздан 28 пайызға дейін ұлғайған.

Мемлекет басшысына Ұлттық статистика бюросының деректері де таныстырылды. Оған сәйкес, сот жүйесіне абсолютті сенім деңгейі соңғы үш жылда 55,2 пайыздан 63,2 пайызға дейін өскен.

Кездесу соңында Президент «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың, азаматтардың әділ сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз етудің және заң үстемдігін нығайту арқылы қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттырудың маңызын атап өтті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *