BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА КЕЛЕСІ ЖЫЛҒЫ СУАРУ МАУСЫМЫНДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАУПІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жамбыл облысы әкімдігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелері талқыланған кеңес өтті. Жиынға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, шаруа қожалықтары мен су шаруашылығы ұйымдарының өкілдері қатысты. Кеңесте келесі жылы суару маусымында су тапшылығы болуы мүмкін екені облыс шаруаларына түсіндірілді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеңес барысында трансшекаралық су көлемінің азаюынан туындайтын қауіптер мен су ресурстарын ұтымды пайдалану шаралары сөз болды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларына кезең-кезеңімен көшу қажеттілігі атап өтілді.

Қанат Бозымбаев өз сөзінде су қорының төмендеуі бүкіл Орталық Азия елдеріне ортақ табиғи үдеріс екенін айтты. Оның айтуынша, алдағы вегетация кезеңінде су тапшылығының алдын алу үшін жаңа технологияларды енгізуді жеделдету қажет. «Бұл тек су үнемдеу мәселесі емес, елдің су және азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», – деді вице-премьер.

Мемлекеттің қолдауы аясында су үнемдеу саласындағы шығындарды өтеу тетіктері күшейтілген. Ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтарды сатып алу шығындарының өтемақы үлесі 50%-дан 80%-ға дейін артты. Сонымен қатар суару суына сараланған тариф енгізіліп, су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруалар үшін су құнының субсидиясы 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайды.

2026–2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер аясында су үнемдеу технологияларын енгізуге және егінге қажетті су құнын субсидиялауға бөлінетін қаражат бұрынғы кезеңмен салыстырғанда төрт есеге артқан. Осы шаралар нәтижесінде ел бойынша су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқап көлемі жыл сайын 150 мың гектардан аса ұлғайып келеді. 2030 жылға қарай 1,3 млн гектар суармалы жерді заманауи суару жүйелерімен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бүгінде Жамбыл облысында су үнемдеу технологиялары 66,5 мың гектарда қолданылады. Оның ішінде жаңбырлатып суару – 19,3 мың гектар, тамшылатып суару – 44,6 мың гектар, лазерлік тегістеу технологиясы – 2,6 мың гектар.

Кеңесте «Ауыл аманаты» жобасын жетілдіру мәселелері де қаралды. Жобаға енгізілген жаңа тәсілдер рәсімдерді жеңілдетіп, толық өндірістік циклды қамтамасыз ететін бағыттарды қолдауға басымдық береді. Қаржыландыру лимиттері қайта қаралып, бөлінетін қаражаттың 40%-ына дейінгі бөлігі мал шаруашылығына, кемінде 20%-ы өңдеу саласына бағытталмақ. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына жатпайтын жаңа бизнес түрлері де қолдау тетіктеріне енгізілді.

Алдағы үш жылда Жамбыл облысында 1 мыңнан аса жобаны жүзеге асыру үшін 31 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Мал шаруашылығы көрсеткіштерінің жоғары болуына қарамастан, өңірде бордақылау, сою, сақтау, өңдеу және логистика инфрақұрылымы жеткіліксіз. Осыған байланысты әкімдіктерге тиісті тапсырмалар жүктелді.

Жиында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – ауыл тұрғындарының кепіл мүлкінің жеткіліксіздігі. Бұл бағытта «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетігін кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *