«РЕФЕРЕНДУМ – 2026» ОНЛАЙН МАРАФОНЫ: ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ МЕН БАЛА ТӘРБИЕСІ ТАҚЫРЫПТАРЫ ҚАРАЛДЫ
Республикалық референдум аясында өтіп жатқан «Референдум – 2026» онлайн марафоны жалғасуда, деп хабарлайды Taraz24news.kz ақпараттық агентігі. 09:00-де басталған шараның алғашқы сағаттарында қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, инновациялық жобалар таныстырылды. Журналистер робот-жүргізушімен бірге ресми түрде онлайн марафонды ашты.
Ток-шоу алаңында «Инклюзивті қоғам» және «Бала тәрбиесі: дәстүр мен заманауи әдістің қайшылығы» тақырыптары сөз болды. «Инклюзивті қоғам» талқылауында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау, қолжетімді орта қалыптастыру және қоғамдағы өзара құрмет мәдениетін дамыту мәселелері қаралды. Сарапшылар инклюзияның білім беру, еңбек нарығы және қоғамдық өмірдегі рөліне тоқталды.
«Бала тәрбиесі» тақырыбындағы пікірталаста қазіргі қоғамдағы тәрбие тәсілдерінің өзгеруі, ұлттық құндылықтар мен заманауи психологияның үйлесімі, ата-аналардың жауапкершілігі көтерілді. Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев дәстүр мен заман талабының ұштасуы маңызды екенін атап өтті. Спикерлер бала тәрбиесінің әр қоғамда маңызды екенін ортақ пікір ретінде жеткізді.
Инновация алаңында ДЦП диагнозы бар адамдарға арналған жаңа арба көремі таныстырылды. Жобаны жасаған Мәулен Бектұрғановқа робот жүргізуші сұрақ қойып, құралдың қоғам үшін пайдалы екенін атап өтті. Сұхбат соңында робот биімен көпшілікті қызықтырды.
Онлайн марафон аясында Орталық референдум комиссиясы дауыс беру барысы, учаскелердің ашылуы, шетелдегі учаскелердің жұмысы және азаматтардың белсенділігі туралы ресми мәліметтер ұсынды.
Шара барысында көрермендерге ҚР Ұлттық Ұланының Ерлер хоры, электро домбырамен өнер көрсететін Ақтоты Болышева, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі және «Алтын домбыра» тобының өнері көрсетілді. Музыкалық номерлер голограмма шоуымен безендірілді.
Онлайн марафон сағат 09:00-ден 01:00-ге дейін жалғасып, қоғамдағы маңызды тақырыптарды талқылап, инновациялық бастамаларды таныстыруға мүмкіндік беріп отыр.
Тікелей эфирге сілтемелер:
- YouTube: https://www.youtube.com/live/XI1B-nqakuI?si=gxL0PPqqmZy-46-C
- Facebook: https://www.facebook.com/share/v/1EckJhg5S2/
- Instagram: https://www.instagram.com/qazaqstantv/live/17987331689950875/
- TikTok: https://vt.tiktok.com/ZS9R1bfLPhNoH-xhVsr/
- Telegram: https://t.me/qazaqstantv?livestream

