МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕУРОПАЛЫҚ КЕҢЕС ПРЕЗИДЕНТІ АНТОНИУ КОШТАМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен кездесті. Мемлекет басшысы сапардың Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Келіссөз барысында Президент екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстанның Еуропа Одағымен тарихи келісімге қол қойған өңірдегі алғашқы мемлекет екенін еске салды. Мемлекет басшысы саяси диалогтың нығайып, «ЕО – Қазақстан» ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесін оң бағалады.
Еуропа Одағы – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық әріптестерінің бірі. 2023 жылы өзара тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтап, 2005 жылдан бергі инвестиция көлемі 200 млрд долларға жетті. Президент ел экономикасында жұмыс істейтін 4 мыңнан астам еуропалық компанияның үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ЕО-ның білім беру бағдарламалары арқылы 5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушының кәсіби дамуға мүмкіндік алғанын айтты.
Кездесуде визалық режимді жеңілдету, реадмиссия туралы келісім, көлік-логистикалық байланыстар, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, цифрландыру, энергетика, маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті С5+ЕО форматындағы өңіраралық диалогтың тиімділігіне назар аударды.
Антониу Кошта Қазақстанмен жан-жақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдіріп, еліміздің Еуропа үшін сенімді серіктес әрі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып отырған мемлекет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Президент Тоқаевтың Кавказ аймағындағы бейбітшілікке қосқан үлесін жоғары бағалады.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Антониу Коштаны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары награда Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы берік достықтың белгісі екенін айтты. Өз кезегінде мәртебелі мейман бұл марапатты екіжақты ынтымақтастықтың жоғары бағасы ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі лидер бірлескен мәлімдеме жасады. Онда сауда, инвестиция, көлік, цифрландыру, «жасыл» энергетика, инновация, білім және мәдениет салаларындағы серіктестікті кеңейтуге уағдаластық расталды. Сондай-ақ визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздердің басталуы тараптар арасындағы байланыстарды одан әрі жақсартатыны атап өтілді.
Еуропалық Кеңес Президенті Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, олар ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін жеткізді. Кошта Қазақстанның халықаралық құқықты ұстануы мен өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Сапар екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Екі тарап қол жеткізілген уағдаластықтар нақты жобаларға айналатынына сенім білдірді.
